Үндістан Мумбай қаласында 2025 жылдың 1-4 мамыры аралығында Джио Дүниежүзілік конгресс орталығында бірінші Дүниежүзілік аудиовизуалды және ойын-сауық саммитін (WAVES) 2025 өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Саммитті Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди ашты. Ол жиналғандарды Махараштра мен Гуджарат күндерімен құттықтап, WAVES-ті "мәдениетті, шығармашылықты және жаһандық байланысты білдіретін жаңа толқын" деп сипаттады. Оның айтуынша, саммит 100-ден астам елдің суретшілері, медиа сарапшылары мен инвесторларының басын қосып, шығармашылық индустрияның жаңа болашағын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Премьер-министр Моди “Үндістанда жасау – әлем үшін жасау” қағидасын алға тартып, елдің креативті индустриясы экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналатынын айтты. Ол контент өндірісі, анимация, ойын индустриясы мен музыкалық саланың Үндістан үшін жаһандық мүмкіндікке айналғанын атап өтті.

Саммитке Қазақстан атынан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов қатысты. Сонымен қатар Qazaqstan TV, Хабар агенттігі, ПТРК, Astana Times сияқты жетекші медиа ұйымдар да делегация құрамында болды.
Іс-шара аясында өткен WAVES Bazaar алаңында 158 миллион доллар көлемінде B2B келісімшарттар жасалып, 3 мыңнан астам іскерлік кездесу өтті. Ал Махараштра штатының үкіметі медиа саласында 952 миллион доллардың келісіміне қол қойды.
Саммиттің мазмұнын Шах Рух Хан, Анил Капур, Раджникант, Митхун Чакраборти сияқты Үндістан киносының аңыздары мен Netflix басшысы Тед Сарандос, WPP компаниясының директоры Марк Рид сияқты медиа көшбасшылар толықтырды.
Көрмелік павильондарда жаңа технологиялар мен интерактивті шешімдер ұсынылып, болашақ медиа индустриясының нақты келбеті көрсетілді.
Саммиттің басты құжаттарының бірі – WAVES Декларациясы. Онда медиа мен ойын-сауық саласындағы цифрлық теңсіздікті жою, ЖИ дәуірінде этикалық контент өндіру және мәдени мұраны сақтау қажеттілігі туралы айтылды.