Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің еріктілері карантиндегі үйлердің тұрғындарына көмектесуде. Бүгінгі таңда облыс орталығы мен Екібастұз қаласында карантин режимі енгізілген көпқабатты баспаналар бар.
"Ақкөңілділер клубы" үйлерінде қамалып жатқан азаматтарға тегін тамақ пен азық-түлік жеткізіді қолға алған. "Алдыңғы шепте" жұмыс істеп жатқан медицина мамандары да назардан тыс емес.
"Ақкөңілділер клубы" ұйымы карантин кезінде арнайы штабтың жұмысын іске қосқан. Мектеп жанындағы орталыққа демеушілер гуманитарлық көмек әкеледі.
Еріктілер бірлестігінің көшбасшысы Асхат Құсдәулетовтің айтуынша, бұған дейін клуб құрамында 50-ге жуық волонтер болса, төтенше жағдай кезінде олардың қатары 10 есе артқан.
Біздің штаб облыс орталығындағы №36 мектептің спорт залында орналасқан. Азық-түлік жиынтықтарын осында дайындаймыз. Еріктілердің қатарында түрлі мамандық иелері бар. Қатарымыз күннен күнге артып келеді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Баспаналарынан шыға алмай отырған жерлестерімізге қолдау қажет. Олардан алғыс алып жатырмыз. Еңбегіміздің басты марапаты осы деп білемін, - дейді Асхат Құсдәулетов.
Бүгінгі таңда Павлодар қаласында карантин режимі енгізілген 10-ға жуық подъезд бар. Көмекке зәру азаматтардың өтініштерін қабылдау мақсатында қалалық әкімшілік жанынан "шұғыл желі" ашылған. Жедел штаб өкілдері кез келген өтінішті орындауға әзір.
Айта кетейік, бұған дейін карантинге жабылған Павлодар қалалық №1 ауруханасы мамандарының отбасыларына да қолдау көрсетілді. Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының өңірдегі өкілдігінің белсенділері 500 мың теңге жинап, 50 дәрігердің жанұяларына азық-түлік жиынтықтарын тарту етті.