Дудник Ақтөбе облысында жол апатынан зардап шеккен балалардың жағдайымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Денсаулық сақтау министрі А.Ғинияттың тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник Астана қаласындағы медициналық орталықтардың жетекші мамандарымен (ҰНО бас балалар нейрохирургы Өленбай Г.И., балалар анестезиолог-реаниматологы Аяғанов А. Н., ҰАБО балалар травматологы-ортопед Жакилин А. Б.) бірге жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалармен кездесті.
Мамандар жазатайым оқиға салдарынан зардап шеккен барлық балаларды қарап шықты, науқастарды емдеу мен жүргізудің одан әрі тактикасы туралы келісімге келді.
Зардап шеккен балалардың туыстарымен әңгіме жүргізіліп, балалардың қазіргі жағдайы, көрсетілген ем көлемі, сондай-ақ зардап шеккендерді одан әрі қарау шаралары түсіндірілді.
Сондай-ақ, республикалық мамандар облыстық балалар стационарының медицина қызметкерлері көрсеткен шұғыл медициналық көмектің жоғары деңгейі мен уақтылылығын атап өтті.
Жаттықтырушының жағдайы әлі де ауыр күйде қалып отыр, көпсалалы облыстық аурухананың мамандары М. Оспанов атындағы БҚМУ профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен консилиум өткізді. Сонымен қатар, пациентті одан әрі қарау тактикасын келісу үшін Нейрохирургия орталығының (Астана) мамандарымен телемедициналық кеңес өткізілді.
Қазіргі уақытта барлық зардап шеккендерге медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде.