Бұл туралы баспасөз брифигінде Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпы, білім беруді дамытуға екі тең тарап – жұмыс берушілер мен академиялық қауымдастық қатысуы керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өмір бойы білім алу тұжырымдамасы әзірленген болатын. Сондай-ақ оның сөзінше білім беру жүйесінде бірнеше өзгерістер орын алғалы отыр.
Онлайн-оқыту бүгінде маңыздылығын арттыруда. Соған байланысты келесі оқу жылынан бастап, осындай білім беру түрі жүзеге асырылады. Университеттерде цифрлық оқыту ресурстарын, желілер мен жаппай ашық онлайн-курстарды дамыту жоспарланып отыр. Оған қоса осы жылдың қыркүйек айынан бастап, пилоттық режимде жоғары білім дәрежесінде қолдаңбалы бакалавриат бағдарламасы жүзеге асырылып отыр, - дейді вице-министр.
Сондай-ақ еліміздегі 4 университет негізінде интегральды GPA енгізілді. Бұл шара студенттердің университеттердегі стартап-жобаларға, жобалық, ғылыми-зерттеу, спорттық, әлеуметтік және волонтерлік жұмыстарына қатысуына ықпал етеді.
Вице-министрдің айтуынша, министрлік тарапынан елімізде шетелдік университеттердің филиалдарын ашу бойынша жүйелі жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Алдағы уақытта алыс шетелдегі алдыңғы қатарлы университеттердегі шетелдік эксперттерді оқытушылық қызметке тарту жоспарланып отыр.
Жоғары білім беруде еліміздің бірнеше университеттері үздіктер қатарында топ жаруда.
Өткенде Азия мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы университеттер рейтингісі – QS Asia University Rankings 2023 жарыққа шықты. Сол рейтингке Қазақстанның 32 университеттері Азия университеттерінің топ-тізіміне кірді. Олардың ішінде, 2 отандық университет (ҚазҰУ және ЕҰУ) топ-100- ке кірді, - деді Қуаныш Асылханұлы.