Вице-министр: Мүлікті декларациялаудан қорқудың қажеті жоқ

6 Наурыз 2019, 17:12
1663
Бөлісу:
Вице-министр: Мүлікті декларациялаудан қорқудың қажеті жоқ

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев мәлімдеді. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «100 нақты қадам: Ұлт жоспарының» 42-қадамында жеке тұлғалардың кірістері мен шығыстарын декларациялауды енгізу көзделген. Көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл жүргізу үшін жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктеріне тиімді бақылау құруға негізделуі жалпыға ортақ декларациялау жүйесін енгізудің басты мақсаты болып табылады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жалпыға ортақ декларациялауды енгізу салық базасының кеңеюіне және мемлекеттік бюджетке түсімдердің ұлғаюына ықпал етеді», - деді спикер.

Вице-министрдің айтуынша, бұл өз кезегінде үкіметке ел дамуы мен әлеуметтік мәселелерді шешуге көп қаражат салуына мүмкіндік береді.

«Жалпыға ортақ декларациялаудан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, бұл адал салық төлеушілер мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұлғалар үшін оң аспект болып табылады», - деді Еңсебаев.

Ол азаматтардың мүліктері мен кірісін жалпыға ортақ декларациялаудың әлемдік тәжірибесі мұқият зерттелгенін айтты. Соның ішінде АҚШ, Финляндия, Сингапур, Ұлыбритания, Чили елдеріндегі жүйе үлгі болған.

«Біз қандай артықшылықтар мен кемшіліктер бар екенін анықтап, декларациялауды біздің елімізде енгізудің тиімді үлгісін әзірлеуге тырыстық. Декларация тапсыру процесін жеңілдететін маңызды аспектінің бірі – ол декларацияны алдын ала толтыру. Яғни, басқа мемлекеттік органдардың мәліметтер базасынан автоматты түрде жинақталған ақпараттар базасындағы мәліметтерді азаматтар алдын ала тексеріп, қажет болса түзетулер енгізе алады», - деді министрдің орынбасары.

Ақмарал Шағатай

Фото: шартты

Өзгелердің жаңалығы