Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов мәлімдеді.
Вице-министр қазіргі су шаруашылығы жағдайы, су саласының дамуы және алдағы вегетациялық кезеңге дайындық туралы айтып берді.
Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан қауіпті егіншілік аймағында орналасқан және құрғақ климаттың әсеріне ұшыраған. Еліміздің су әлеуеті көбіне көршілес елдерден келетін суға тәуелді. Өткен жыл су саласы үшін оңай болған жоқ. Жалпы, дер кезінде қабылданған шаралар мен су мамандарының ұтымды жұмысының арқасында 2021 жылғы вегетациялық кезең көп шығынсыз аяқталды, -деді ол.
Сонымен қатар министрлік 2021 жылғы қарашадан бастап алдағы вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстарын бастады. ЭГТРМ-нің 2021-2022 жылдардағы вегетациялық және вегетацияаралық кезеңдерге арналған жұмыс жоспары әзірленді және бекітілді.
Қазіргі су шаруашылығы жағдайын ескерер болсақ, алдағы вегетациялық кезең оңтүстік өңірде ауыр өтеді деп күтілуде. Ең қиын жағдай Арал-Сырдария бассейнінде күтілуде. Экология министрлігі Қырғызстанмен, Тәжікстанмен және Өзбекстанмен «Тоқтоғұл» және «Бахри Точик» су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз ету, сондай-ақ Шу және Талас өзендері бойындағы су ағындарының жоспарлы көлемін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыратын болады, -деді С.Қожаниязов.