Парламент Сенатының отырысында Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова ұлттық заңнамадағы авторлық құқықты қорғау бойынша ерекшеліктерге тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мысалы, ғылыми еңбектерде немесе диссертацияларда басқа авторларға сілтеме жасалса, дәйексөз келтіру міндетті. Бұл жағдайда автор құқықтары бұзылмайды және авторлық сыйақы берілмейді. Ондай жағдайларға бір контенттің тек жеке пайдалану үшін жүктелуін немесе радио, теле хабарларға иллюстрация жасалуын жатқызуға болады, - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, авторлардың құқықтарына шектеулер мен алып қою Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңнамада көрсетілген. Бірақ Берн конвенциясына сәйкес, бұл шектеулер автордың құқықтарына нұқсан келтірмейді.
Сондай-ақ Ботагөз Жақселекова ТМД-ға кіретін барлық мемлекеттер Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мүшелері және осы ұйымды басқаратын бірнеше халықаралық шарттардың қатысушылары болғандықтан, авторлық құқықты қорғау бойынша шаралар қаралғанын айтады.
Мысалы, жауапкершілік туралы Әзірбайжан, Ресей, Беларусь пен Қырғызстанда азаматтық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылды. Біздің елімізде және Арменияда тек қана азаматтық және қылмыстық жауапкершілік бар. Тәжікістанда тек қана азаматтық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, - деді вице-министр.