Виталий Щиголев конькимен жүгіруден Жапонияның Хатинохе қаласында өтіп жатқан Төрт құрлық чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Қазақстан құрамасының спортшысы ерлер арасындағы масс-старт сайысында топ жарды. Щиголевтің мәреге жеткен уақыты – 8:22.05.
Екінші орынды канадалық Дэвид Да Ру (8:22.12) иеленсе, үздік үштікті тағы бір канадалық спортшы Хэйден Майер (8:22.77) толықтырды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұл чемпионатта тағы бір күміс пен қола жүлдені қоржынға салды. Надежда Морозова 1000 метр қашықтықта екінші орын алса, әйелдер командасы командалық жарыста үшінші орынға табан тіреді.