Вице-министр соңғы 10 жылда елімізге қанша инвестиция тартылғанын айтты

29 Қараша 2021, 14:38
674
Бөлісу:
Вице-министр соңғы 10 жылда елімізге қанша инвестиция тартылғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде өткен жылмен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары инвестицияны көбірек тартқан. Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров өңірлер бөлінісінде үздік және төмен нәтиже көрсеткен облыстарды атады.     

Оның айтуынша, өңірлер бөлінісінде негізгі капиталға инвестициялар бойынша жалпы оң динамика байқалады. 

Соңғы 10 жылда елімізге шетелден 200 млрд доллардан астам қаржы құйылды. Биыл ең үздік көрсеткіштер Шымкент және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе және Павлодар облыстарында байқалады. Көлемдердің айтарлықтай төмендеуі Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Бұл өңірлерде инвестициялардың төмендеу себебі карантиндік шектеулерге байланысты ірі мұнай-газ жобаларының баяулауы болды. Сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстарында төмендеу байқалады, - деді министрдің орынбасары. 
Биыл ел экономикасының шикізаттық емес секторлары инвестициялық белсенділік өсуінің негізгі локомотивтеріне айналған. Вице-министр қай сала бойынша инвестицияға қанша қаражат құйылғаны туралы да айтып берді. 
Мәселен, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда инвестициялар өңдеу өнеркәсібінде 1,8 есе (661,5 миллиард теңгеден 1230,4 миллиард теңгеге дейін), құрылыста 2,2 есе (57 миллиард теңгеден 127,6 миллиард теңгеге дейін), сондай-ақ ауыл шаруашылығында 1,4 есе (412,5 миллиард теңгеден 603,4 миллиард теңгеге дейін) өсті, - деді ол.
Сонымен қатар спикердің сөзінше, батыс өңірлердегі ірі мұнай жобалары қомақты үлесін құрайтын тау-кен өнеркәсібіне инвестициялар ағынының төмендеуі де байқалады. 
Өзгелердің жаңалығы