Вейпке тыйым салу қаншалықты тиімді. «Вейп эпидемия» тығырыққа тірелді

22 Мамыр 2023, 14:00
925
Бөлісу:
Вейпке тыйым салу қаншалықты тиімді. «Вейп эпидемия» тығырыққа тірелді
Фото: ОКҚ

«Қазақстанда вейпке толық тыйым салу керек» дейтін бастамашылар Астанада ОКҚ-да «Қазақстандағы вейп-эпидемия және шешу жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. 

Олар жасөспірімдер арасында вейптердің таралу мәселесі ушығып тұрғанын айтып, кәмелетке толмағандарға түтінсіз никотин жүйелерінің қаншалықты зиян екенін түсіндірді. Алайда, Қазақстан мен ТМД-дағы осы өнімдер нарығындағы бірқатар мәселе, сондай-ақ басқа елдердің тәжірибесі тыйым салуды жақтаушыларды тығырыққа тіреді.

Нақтырақ айтқанда, көрші Ресейде жасөспірімдерді қорғау мақсатында вейптерге толық тыйым салуды емес, оларды кәмелетке толмағандарға сатуға қатаң тыйым салуды басшылыққа алғаны атап өтілді. Осылайша, Ресей Федерациясында және ЕАЭО-ның басқа елдерінде вейптер никотині бар басқа өнімдер сияқты ересектерге арналған заңды өнім болып қала береді. Тиісінше, Қазақстанда оларға тыйым салынған жағдайда, Ресеймен кедендік шекаралардың болмауы сөзсіз контрабандалық импортты тудырады. Яғни, вейп саудасы жойылып кетпейді, сондықтан тыйым салу жұмыс істемейді деуге негіз бар (дәл қазіргі кальян немесе снюстердің жағдайы сияқты). Яғни, тыйым салынғаннан кейін де вейп әлеуметтік желілер, шағын дүкендер және басқа да арналар арқылы сатылып, қазақстандық жасөспірімдерге қолжетімді болады. Бұл жағдайда билік енді осы өнімнің сапасы мен қайдан келгенін бақылай алмайды.

Ресей Федерациясында кәмелетке толмағандарға вейпті сату талаптары қатаңдатылған, бірақ тұтастай тыйым салынбаған. Демек, Ресейден вейп бәрібір Қазақстанға әкелінетін болады. Олай болса, ұсынылған тыйымның мәні неде? Жаппай тыйымның орнына тиімді реттеу мүмкіндігі неге талданбайды? – деп сұрақ қойды журналист ұйымдастырушыларға.

Бұл сұраққа нақты жауап болмады. Тыйым салынған күннің өзінде вейп Қазақстанға бәрібір жеткізілетініне, контрабандалық жолмен сатылатынына дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар күмән келтірмейді. Алайда, олардың пікірінше, бұл енді тыйым салуды бастағандардың емес, басқа құрылымдардың жауапкершілігі болады.  

Әкелуге және өткізуге тыйым салынған кез келген өнім сатылмауы тиіс. Яғни, бұл өнімді әкелу Қаржы министрлігі МКК-нің жауапкершілік саласы, ал саудаға түскен жағдайда мұнымен ІІМ айналысуы тиіс, - деді Денсаулық сақтау министрлігі санэпидбақылау комитетінің техникалық регламенттерді бақылау басқармасының басшысы Розалина Ермекбаева.

Тыйым салудың бастамашылары олардың идеясы жұмыс істемейтінін мойындады, яғни вейп бұрынғыдай елде сатыла беретін болады. Алайда мұнымен не істеуге болатынын олар білмейді.

Кіргізетін кезде тексерсін, билік осы мәселемен айналыссын, бұл – биліктің жауапкершілігі. Контрабанда болған және бола бермек, өйткені әр вейптен өндірушілер 6 доллар пайда табады. Олар мұның бәрін контрабандалық жолмен әкеліп, сауда желілерінде контрабандалық жолмен сататын болады, өйткені бұл өте табысты бизнес, - деді «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының жетекшісі Жамиля Садықова.

Байгенжин қорқор тыйым салынғаны мен оны әлі дәмханаларда ұсынылатынын атап өтті.

Біз тыйымдардың тиімсіздігіне шынымен көз жеткіздік. Кальян әлі де ойын-сауық орындарында ұсынылады. Ал бір кальян 40 адамға туберкулез жұқтыруы мүмкін. Заңнамалық базаға және бақылау органдарының өздеріне қатысты сұрақтар бар, - дейді «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, Еуро-Азия респираторлық қоғамының президенті Абай Байгенжин.

Денсаулық сақтау министрлігіндегілер тиімсіз тыйымды жаңа тыйымды енгізуге аргумент ретінде ұсынып отыр.

Шектеулер жұмыс істемейтіндіктен, біз вейпке толық тыйым салу идеясын ұсындық. Қазір реттеу бар, бірақ ол жұмыс істемейді, сондықтан біз толық тыйым салу туралы ойлануымыз керек, – деді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева.

Логикалық тығырық деп осындайды айтатын шығар. Тыйым әркез жұмыс істеп, қалаған нәтиже бермейді олай болса, бәлкім кәсіби реттеумен айналысу керек шығар?

Өзгелердің жаңалығы