Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Вьетнамдағы үздіксіз жаңбырдан кемінде 41 адам қаза тапты

22 Қараша 2025, 04:27
546
Бөлісу:
 Getty Images
Фото: Getty Images

Вьетнамның орталық аймақтарында соңғы күндері жауған үздіксіз жаңбыр мен су тасқыны кем дегенде 41 адамның өмірін қиып, тоғыз адам жоғалып кетті. Су тасқыны 52 мыңнан астам үйді су астында қалдырды, жарты миллион отбасы мен кәсіпорын электр қуатынсыз қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Ең көп зардап шеккен аудандарға Хой Ан және Нха Транг қалалары, сондай-ақ орталық таулы аймақтағы кофе өсіретін өңірлер кіреді. Даклак провинциясында ондаған мың үй су астында қалды.

Жергілікті билік халықты қауіпсіз жерлерге көшіру үшін әскери және полиция күштерін жұмылдырып, уақытша баспана ұйымдастыруда. Кейбір аудандардағы су деңгейі 5,2 метрге жетіп, 1993 жылғы рекордты су тасқынынан асып түсті.

Соңғы айларда Вьетнам бірнеше тайфунның зардаптарын көрді: «Калмаеги» мен «Бойлой» тайфундары кемінде 16 адамның өмірін қиып, үйлер мен инфрақұрылымға зақым келтірді. Сарапшылар климат өзгерісі салдарынан тайфундар жиі және күшті бола бастады деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы