АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс 10 сәуір, жұма күні Пәкістанға ұшып кетті. Онда 11 сәуір, сенбі күні Иранмен келіссөздер басталуы жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұшаққа отырар алдында Вэнс "келіссөздерді асыға күтеміз" деп мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ Иран «адал әрекет етсе» диалогқа дайын, ал егер "алдауға тырысса", Вашингтон бұған бейжай қарамайды.
Келіссөздер бойынша АҚШ президенті Дональд Трамп нақты тапсырмалар берген. АҚШ делегациясының құрамында арнайы өкіл Стив Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер бар.
BBC дерегінше, Исламабадта қауіпсіздік күшейтіліп, парламент маңында полиция түсірілім топтарын ығыстырған.
Алайда Иран делегациясының қатысатыны әлі нақты емес. Иран тарапы келіссөз басталмай тұрып Ливанда атысты тоқтату мен бұғатталған активтердің босатылуын талап етіп отыр. Кей деректерде келіссөздер уақытша тоқтатылғаны да айтылған.