3 қаңтарда АҚШ Венесуэлада әскери операция жүргізіп, ел президенті Николас Мадуроны тұтқындады. Ол АҚШ-қа жеткізілгеннен кейін Мадуро мен оның жұбайына «наркотерроризм» айыбы тағылды. Осыдан соң елдің уақытша басшысы ретінде Делси Родригес тағайындалды. Венесуэла саяси дағдарыстың жаңа кезеңіне өтті: бұрынғы көшбасшы биліктен кеткенімен, басқару жүйесі жұмысын тоқтатпаған. Енді басты сұрақ – елді шын мәнінде кім басқара алады және Венесуэланың саяси картасы қалай өзгереді? Бұл мәселелерді BAQ.KZ тілшісі саясаттанушылармен бірге талдады.
Мадуроның тұтқындалуы биліктің жалғыз тірегі жеке тұлға емес екенін көрсетті. Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, Венесуэлада билік құрылымы терең институционалданған және негізгі фигура жоғалғанның өзінде тұрақтылығын сақтай алады.
Ең ықтимал сценарий – биліктің қазіргі құрылымын сақтап, Мадуроның ең жақын айналасының басқаруды жалғастыруы. Оппозицияға шектеулі жеңілдіктер жасалуы, экономиканың ішінара ырықтандырылуы және халықаралық санкцияларды жұмсартуға бағытталған келіссөздер болуы мүмкін. Бұл өзгерістер бақылауда болады және жүйені шайқалтпайды, – деп түсіндірді сарапшы.
Саясаттанушы келіссөз арқылы транзит сценарийі тек бірқатар шарттар орындалған жағдайда ғана мүмкін екенін айтады: элита мен әскери басшылықтың қауіпсіздігіне кепілдік берілуі, халықаралық делдалдар арқылы санкциялардың жұмсаруы және қол жеткізілген келісімдерді іске асыра алатын біртұтас оппозицияның болуы.
Егер келіссөз арқылы транзит мүмкін болмаса, балама ретінде не сайлау өткізу, не қазіргі конфигурацияны сақтау қалады. Режимнің кенет құлауы немесе биліктің тез ауысуы өте екіталай. Кандидаттарды тіркеуге қойылған шектеулер, институттардың бейтарап болмауы және БАҚ-қа қолжетімділіктің тең еместігі нақты билік ауысуына әкелетін сайлаудың өту мүмкіндігін төмендетеді, – дейді ол.
Билікке кім үміткер болуы мүмкін
Мадуро тұтқындалғаннан кейін уақытша басқару орталығы Делси Родригеске өтті. Саясаттанушы Қанат Оспановтың айтуынша, оның рөлі тек өтпелі сипатқа ие.
Заң жүзінде билік Делси Родригесте, бірақ бұл уақытша жағдай. Алдағы кезеңде халықаралық бақылаушылардың қатысуымен сайлау өтуі мүмкін, ал АҚШ-тың қысымы мен БҰҰ-ның делдалдығы үміткерлердің нақты мүмкіндіктерін айқындайды, – дейді сарапшы.
Сонымен бірге биліктің нақты тетіктері чавистік элита мен күштік блоктың қолында қалып отыр. Бұл туралы саясаттанушы Жанат Момынқұлов та атап өтеді.
Негізгі тұлға жоғалғанның өзінде билік құрылымы орнықты күйінде қалады, күштік құрылымдар мен институттарға бақылау сақталады. Бұл топтардың қатысуынсыз кез келген билік транзиті мүмкін емес, – дейді сарапшы.
Үміткерлер қатарында оппозициялық тұлғалар да аталады, олардың ішінде саясаткер Мария Корина Мачадо бар. Қанат Оспановтың айтуынша, ол ел ішінде қолдауға және халықаралық мойындауға ие, алайда бір маңызды кедергі бар.
Құқықтық шектеулер мен негізгі институттарға қолжетімділіктің болмауы Мачадоның нақты билікке келу мүмкіндігін төмендетеді. Дональд Трамптың соңғы мәлімдемелері де күштер арақатынасын едәуір өзгертті. Сондықтан оның ықпалы жағдайға байланысты және сыртқы факторларға тәуелді, – дейді Қанат Оспанов.
Сондай-ақ келіссөз арқылы транзит үшін ымыралы технократиялық кандидаттар да қарастырылып отыр. Олардың қатарында венесуэлалық дипломат әрі саясаткер Эдмундо Гонсалес бар.
Егер келіссөз транзиті жүзеге аспаса, бұл кандидаттар балама бола алады, бірақ тек чавистік элитамен келісім және сыртқы қысым жағдайында ғана. Демек, олардың мүмкіндіктері оппозицияның бірігуі мен халықаралық қолдауға толық тәуелді, – деп атап өтті саясаттанушы Жанат Момынқұлов.
Саясаттанушы Газиз Әбішевтің айтуынша, ел ішіндегі кез келген сценарий сыртқы ойыншылардың ұстанымымен тығыз байланысты.
Америка Құрама Штаттары Венесуэланың демократиялануынан гөрі, оның белгілі бір шеңберде болуына мүдделі. Ел антиамерикалық бағыт ұстанбауы және АҚШ-тың бәсекелестері – ең алдымен Қытай мен Ресейге әскери базалар ұсынбауы тиіс. Негізгі басымдық – АҚШ-пен мұнай саудасы және есірткі трафигін шектеу. Егер осы шарттар орындалса, АҚШ тарапынан қойылатын талаптардың едәуір бөлігі алынып тасталады, – дейді сарапшы.
Саясаттанушылар талқылаған түрлі сценарийлер Венесуэлада күрт өзгерістер күтілмейтінін көрсетеді: келіссөз арқылы транзиттің ықтималдығы төмен, сайлау бірден нәтиже бермейді, ал жүйенің кенет құлауы негізгі элиталардың қатысуынсыз мүмкін емес. Осыған байланысты сарапшылар мынадай қорытындыға келеді: ең шынайы жол – режимнің біртіндеп бейімделуі, институционалдық сабақтастықтың сақталуы және шектеулі реформалар.