Венесуэла үкіметі құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқын деп санайтын азаматтарды түрмеден босата бастады. Билік бұл қадамға "ізгі ниет белгісі" деген атау берген, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.
Испанияның Сыртқы істер министрлігі елдің бес азаматының бостандыққа шыққанын мәлімдеді. Олардың арасында венесуэлалық-испандық танымал құқық қорғаушы Росио Сан-Мигель де бар. Оның туыстары америкалық БАҚ-қа босатылғанын растаған.
Венесуэланың Ұлттық ассамблеясының төрағасы, уақытша президент Делси Родригестің ағасы Хорхе Родригес мемлекеттік телеарна эфирінде «тұтқындардың едәуір бөлігі» дереу босатылатынын айтты. Алайда ол нақты санын да, олардың кім екенін де атап өткен жоқ.
Родригестің айтуынша, уақытша үкімет бұл қадамды «ұлттық бірлік пен бейбіт қатар өмір сүру» мүддесінде жасап отыр.
Алғаш болып Росио Сан-Мигельдің босатылғаны ресми түрде расталды. Ол Каракастағы Испания елшілігіне жеткізілген. Мадуроның ашық сыншысы әрі қорғаныс мәселелері бойынша сарапшы ретінде танымал Сан-Мигель 2024 жылы сол кездегі президентке қастандық жасауға сөз байласу, мемлекетке опасыздық және терроризм айыптарымен қамауға алынған еді. Оның қайда екені ұзақ уақыт белгісіз болғандықтан, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасы бұл тұтқындауды ықтимал «мәжбүрлі жоғалту» деп бағалаған.
Айта кетейік, саяси тұтқындарды босату АҚШ-тың жуырда жүргізген әскери операциясы аясында жүзеге асты. Сол операция барысында президент Николас Мадуро мен оның жұбайы Каракаста ұсталып, Нью-Йоркке жеткізіліп, оларға есірткі саудасына қатысты айып тағылған.