Венесуэла үкіметі құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқын деп таныған бірқатар азаматты босата бастады. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл қадам «ізгі ниет белгісі» ретінде жасалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Испанияның Сыртқы істер министрлігі өз елінің бес азаматының, оның ішінде қос азаматтығы бар бір адамның бостандыққа шыққанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, босатылғандардың қатарында белгілі құқық қорғаушы Росио Сан Мигель бар.
Бұл шешім АҚШ-тың Каракас қаласына жасаған жедел операциясынан кейін қабылданды. Операция барысында Николас Мадуро ұсталып, оған Нью-Йоркте есірткі саудасына қатысты айып тағылған.
Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес мемлекеттік телеарна арқылы «елеулі саны» босатылатынын мәлімдегенімен, нақты қанша адам екенін және олардың кім екенін атаған жоқ. Оның айтуынша, бұл шешім «ұлттық бірлік пен бейбіт қатар өмір сүру» мүддесінде қабылданған.

Құқық қорғаушылардың дерегінше, Венесуэла түрмелерінде жүздеген саяси тұтқын бар, алайда әзірге олардың аз ғана бөлігі бостандыққа шыққан.
Сарапшы әрі Мадуроның ашық сыншысы болған Росио Сан Мигельдің босатылуы – ресми түрде расталған алғашқы жағдай. Ол 2024 жылдың ақпанында Каракас маңындағы Майкетия әуежайында ұсталып, мемлекетке опасыздық жасау, сөз байласу және терроризм баптары бойынша айыпталған еді.
Адам құқықтарын қорғау ұйымдары бұл жаңалықты сақтықпен қабылдады. Сонымен қатар, елдегі ең атышулы Эль-Эликоиде түрмесінің жабылатыны айтылды. Бұл мекемеде 50-ден 80-ге дейін адам қамалған болуы мүмкін. Түрме саяси оппоненттерді ұстау және азаптау фактілерімен халықаралық деңгейде танылған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Эль-Эликоиде түрмесін жабуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Дегенмен Provea ұйымы бұл шешім елдегі басқа да қамау орындарындағы жағдайды назардан тыс қалдырмауы тиіс екенін ескертті.
Оппозиция жетекшісі әрі Нобель сыйлығының лауреаты Мария Корина Мачадо бірнеше жылдан бері саяси тұтқындарды толық босатуды талап етіп келеді. АҚШ президентінің айтуынша, ол алдағы аптада АҚШ-қа баруы мүмкін.
Айта кетейік, Венесуэла билігі елде саяси тұтқындар бар екенін ресми түрде жоққа шығарып, ұсталғандардың нақты қылмыстар үшін жауапқа тартылғанын мәлімдеп келеді.