Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Венесуэла астанасында АҚШ-пен қарым-қатынастың шиеленісуі салдарынан жарылыстар болды

Кеше, 13:10
244
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Венесуэланың астанасы Каракастың оңтүстігіндегі әскери база маңында жарылыстар естілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Hindustan Times-тың жазуынша, оқиға болған аудандағы тұрғындар электр жарығынсыз қалған.

Бірқатар шетелдік БАҚ кемінде жеті жарылыстың дыбысы естілгенін, сондай-ақ төмен биіктікте ұшқан ұшақтарды көргенін хабарлап отыр.

Бұл жағдай соңғы бірнеше айда ушыға түскен АҚШ-пен арадағы қақтығыс аясында орын алған. Америка Құрама Штаттарының билігі бірнеше рет трансұлттық қылмыс пен есірткі саудасына қарсы бағытталғанын айтқан операциялар жүргізген. Бұдан бөлек, АҚШ-тың бас прокуроры Пэм Бонди Венесуэла басшысы Николас Мадуроны тұтқындауға көмектесетін ақпарат үшін 50 миллион доллар көлемінде сыйақы жариялаған.

Осы ретте Мадуроның өзі АҚШ-қа ағылшын тілінде ашық үндеу жасап, бірнеше рет бейбітшілікке шақырды: «Соғысқа жол жоқ… Тек бейбітшілік… Мәңгілік бейбітшілік!» Каракастағы оқиғаның салдары түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде таралып жатыр. Қазірше зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Венесуэла билігі жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы