Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан елшілігінің бастамасымен АҚШ-тың жетекші ой-талқы орталықтарының бірі – Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығында Қазақстандағы жалпыұлттық референдум мен саяси реформаларды талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Chatham House» ережелеріне сәйкес ұйымдастырылған іс-шара аясында АҚШ Мемлекеттік департаменті, сарапшылар қоғамдастығы, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық институттардың өкілдерімен өткен пікір алмасу Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформалардың маңыздылығын, сондай-ақ оларды жүзеге асырудан күтілетін нәтижелерін жан-жақты талқылауға мүмкіндік бердi.
Өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан елшісі Ержан Ашықбаев қатысушыларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік басқару моделін түбегейлі өзгертуге бағытталған ауқымды реформалар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Қазақстан заң үстемдiгi мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық берiп, түбегейлі өзгертулердi енгiзуге бел буды. Еліміздің табысты саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы мақсатында демократиялық реформаларды одан әрі ынталандыру үшін Конституцияны жетiлдiру қоғамды демократияландыру жолындағы басты міндет болып табылады, - деп атап өтті қазақстандық дипломат.
Сарапшылар еліміздегі күн тәртібіндегі реформаларға оң баға беріп, оларды мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру және қоғамды демократияландыру жолындағы маңызды қадам деп атап, азаматтардың елді басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталған ұсынылып отырған бастаманы ерекше атап өтті.
Қатысушылар жоспарланған өзгерістердің өзектілігін айта отырып, референдумның сәтті өтуіне және Мемлекет басшысының реформалар бағдарламасының кезең-кезеңімен жүзеге асатынына сенім білдірді.