Қазақстан түрлі мемлекеттің вакцинасын зерттеп жатыр – Цой

21 Шілде 2020, 17:26
1487
Бөлісу:
Қазақстан түрлі мемлекеттің вакцинасын зерттеп жатыр – Цой

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Қазақстан қазіргі уақытта түрлі мемлекеттің вакцинасын зерттеп жатыр. Бұған дейін айтылғандай, әлем елдерінің вакциналары әртүрлі клиникалық зерттеулерден өтеді. Ресейлік вакцинаға қатысты айтар болсам, біз ондағы әріптестерімізбен серіктесе жұмыс жүргізіп жатырмыз. Вакцина клиникалық зерттеулердің бәрінен өтіп барып, жаппай ел ішінде қолданыла бастағаны туралы ресми мәлімдеме жасалғаннан кейін ғана біз оны елге әкеле бастаймыз. Мұндай ақпарат келіп түскен кезде ғана қарастырамыз, - деді министр.

Цойдың айтуынша, Қазақстанға ең бірінші кезекте вакциналар бойынша зерттеудің нақты нәтижелері керек. Алексей Цой вакцинаның тиімділігі расталған жағдайда ресейлік әріптестермен Қазақстанға алдыңғы кезекте жеткізу мәселесі келісілгенін жеткізді. 

Дәл мұндай келісімге вакцина шығарушы басқа мемлекеттермен де келіп отырмыз. Оның ішінде Қытайда жасалатын вакциналар бар. Қытайлық мамандар БАӘ-мен бірге клиникалық сынақтарды өткізуде. Басқа да вакциналар қазір клиникалық деңгейде зерттеліп, сынақ жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Жалпы, бәрімен байланыстамыз. Нәтиже шығатын нақты уақытты күтіп отырмыз. Әлемдік қауымдастықтар ол туралы міндетті түрде хабарлайды. Осыдан кейін ғана ең бірінші кезекте нақты қандай вакцинаны алатынымыз туралы нақты шешім қабылданады, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін министр Қазақстанға 100 жылжымалы медициналық кешен жеткізу жоспары бар екенін және 10 миллион теңге өтемақыны қанша медицина қызметкері алатынын мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы