Вакцинация. ШҚУ шығыста көш бастап тұр

19 Шілде 2021, 20:03
3301
Бөлісу:
Вакцинация. ШҚУ шығыста көш бастап тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері мен оқытушылары вакцинация бойынша көшбасшылар қатарында. Бүгінгі таңда университет оқытушылары мен қызметкерлерінің 98,6%-ы вакцина алды.

Ал вакцинацияланған студенттер көрсеткіші 60,4%-ға жетті.

Бұл аймақтағы ең жақсы көрсеткіш екенін жоғары оқу орнының басшылығы атап өтті.

Біздің қызметкерлер, оқытушылар, әсіресе, студенттер саналы түрде осы қадамға белсенділікпен барып жатқандарына қуаныштымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, жалпыға бірдей вакцинациялау адамдардың денсаулығын сақтауға және қалыпты өмірге қайтып келудің бірден-бір жолы екенін баршаға түсіндірудеміз. Күзде оқыту оффлайн форматта басталады. Қазір ЖОО жаңа оқу жылына толық дайындық жүргізуде. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық талап қатаң сақталады, - дейді университеттің ректоры Мұхтар Төлеген.

«Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 3-курс студенті Аяужан Әшімова басқа студенттер сияқты оқу процесінің дәстүрлі түрін асыға күтіп жүргенін жасырмайды.

Мен топта алғашқылардың бірі болып вакцина алған шығармын. Бәрі жақсы. Әрине, тән көріністер болды. Мәселен, бұлшықет ауыруы сияқты, бірақ қазір мен өзімді өте жақсы сезінемін. Өткен аптада екінші компонентті алдым. Менің курстастарым да вакцинацияға белсенді түрде барып жатыр. 1 қыркүйекте жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бірге бастайтынымызға сенімдімін, - дейді Аяужан Әшімова.

Айта кетейік, бүгін университетте «ШҚУ – мықты иммунитет орталығы» атты челлендж-акциясы басталды. Вакцинаны алған студенттер мен оқытушылар әлеуметтік желілердегі басты фотосуреттеріне «ШҚУ – мықты иммунитет орталығы» жақтауын қойып, достары мен таныстарына өзін және жақындарын COVID-19 инфекциясынан қорғауға шақырады.
Өзгелердің жаңалығы