Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Мемлекет басшысының елдегі ағымдағы эпидемиологиялық ахуал жөніндегі тапсырмаларын іске асыру» тақырыбында өткен брифинг барысында Ерлан Қиясов журналистің апта басында вакцина салдыру шарасы кезінде неліктен қашықтық сақталмағанына жауап берді.
Сіздер орта кәсіп өкілдерін ереже сақтамағаны үшін айыппұл саласыздарғой. Ал мұндай мекемелерде өтетін іс-шаралардың санитарлық талаптарына кім жауапты? Ұйымдастырушылардың жауапкершілігі қайда?, – деді журналист.
Бұл сұрақ бойынша іс-шара алдында әріптерімізге және ұйымдастырушыларға ескерткен болатынбыз. Иә, сіз дұрыс аңғардыңыз.Бұл іс-шараға көптеген БАҚ өкілдері шақырылды. Өкінішке қарай, біз әріптестерімізді карантин ережелерін сақтауға мәжбүрлесек те көбі оған мән бермеді. Іс-шараға біз ойлағаннан да көп журналист келді. Біз журналистерді ақпаратпен барынша қамтуға тырыстық. Оларды тоқтатып тастайтын да мүмкіндік болды. Бірақ вакцинация салдыру және оның ешқандай кері жанамалары жоқ екенін көрсету мақсатында бұл процесті кеңінен көрсетіп, ақпарат таратуға мүмкіндік бердік, – деді Қиясов.
Естеріңізге сала кетейік, 1 ақпаннан бастап елімізде жаппай вакцинация басталды. Ең алғашқылардың бірі болып ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов екпе салдырған болатын.
Олжас Адай