2025 жылғы маусымда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және "Birgemiz: areket yaqyty" стратегиялық серіктестігі аясында ұйымдастырылған V Республикалық Жазғы волонтерлер мектебі өз жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл мектеп 2021 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді және еліміздегі волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Іс-шараның басты мақсаты – азаматтарды әлеуметтік маңызы бар бастамаларға жұмылдыру, олардың азаматтық белсенділігін арттыру, волонтерлікке деген қызығушылықты нығайту және құзыреттерін жетілдіру, - делінген Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған хабарламада.
Жазғы мектеп аясында Қазақстанның барлық өңірінен жиналған белсенді жастар мен еріктілер волонтерлік бағыттағы оқу сессияларына, тренингтерге, тәжірибе алмасу шараларына қатысып, кәсіби және тұлғалық тұрғыда дамуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, бұған дейінгі жылдары осы мектепте білім алып, бүгінде өз өңірлерінде табысты жобаларды жүзеге асырып жүрген үздік түлектердің тәжірибесімен танысу мүмкіндігі де қарастырылды. Олар мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп іске асырған әлеуметтік жобалары жайлы баяндап, жас волонтерлерге шабыт берді.
Бұл мектеп волонтерлік саласында серіктестік пен өзара әрекеттестік орнатуға, жаңа идеялардың туындауына және азаматтық қоғамның дамуына серпін берді.