В гепатитін жұқтырғандардың 90 пайызы ауыратындарын білмейді - дәрігер

4 Тамыз 2023, 12:07
1092
Бөлісу:
В гепатитін жұқтырғандардың 90 пайызы ауыратындарын білмейді - дәрігер
Фото: BAQ.KZ - архив

В гепатитіне шалдыққан адамдардың 90 пайызы өздерінің вирус жұқтырғандарын білмейтін болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы қалалық Гепатология орталығының басшысы Күнсұлу Шамсивалиева Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Белгілі болғандай, әлемде 354 млн-дай адам В және С вирустық гепатитіне шалдыққан.

Соның ішінде жыл сайын 3 млн адам гепатиттің осы түріне шалдығып отырады. Тағы бір айта кетерлігі, В гепатитімен өмір сүретін адамдардың 90%-ы және С гепатитімен ауыратын адамдардың 80%-ы өздерінің аталған вирустарды жұқтырғандарын білмейді. Өйткені бауыр аурулары жиі асимптоматикалық қасиетке тән, - деп түсіндірді дәрігер.

Сонымен қатар ол қауіпті індеттен сақтанудың жолдарын айтты.

А, Е ішек гепатиттерінің алдын алу үшін мамандар салауатты өмір салтын ұстану, сапалы ауыз су тұтыну, қатерсіз азық-түлікті қолдану, елді мекендердегі тазалықты сақтау, жеке гигиена ережелерін ұстану және халықтың санитарлық сауаттылығын арттыруға кеңес береді. В және С гепатиті вирустарының алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін сақтау, медициналық қызметкерлер тарапынан қолданатын аспаптар мен құралдарын дезинфекциялауын қатаң бақылау, инъекциялық есірткі мен бей-берекет жыныстық қатынастан бас тарту қажет, - деп атап өтті орталық басшысы.

Айтуынша, елімізде 1998 жылдан бастап В гепатитіне қарсы халықты вакцинациялау бағдарламасы жұмыс істеп тұр.

Сәбилер өмірге келген алғашқы күні-ақ перзентхана қабырғасында В вирустық гепатитіне қарсы инфекциядан қорғайтын вакцина алады. Гепатиттердің алдын алу жөніндегі шаралар кешеніне Қазақстандағы Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес жүргізілетін белсенді иммундау-вакцинация да кіреді. Екпелер емханалардың егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі, - деді Күнсұлу Шамсивалиева.

Еске сала кетсек, 8 мыңға жуық астаналық бауыр ауруымен есепте тұрғаны жөнінде жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы