Ұзақ өмір сүрудің негізін қалыптастыру қажет – дәрігермен сұхбат

10 Маусым 2024, 10:18
1051
Бөлісу:
Ұзақ өмір сүрудің негізін қалыптастыру қажет – дәрігермен сұхбат
PHOTO
Фото: автордан

Елімізде аялы алақанымен адамдарды емдеп, алғыс арқалап жүрген ақ халатты абзал жандар жетерлік. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Медицина қызметкерлерінің күніне орай «Almaty Resort» шипажайы директорының емдеу-оңалту жөніндегі орынбасары Салтанат Бейсембаевамен сұхбаттасты.

Кейіпкеріміз бала кезінен медицина саласында еңбек етуді армандағанын, сол арманының аясында 40 жылдан бері қалаған мамандығы бойынша еңбек етіп келе жатқанын атап өтті.

Ұзақ өмір сүрудің негізін қалыптастыру қажет – дәрігермен сұхбат

Мен 6 жасымнан бастап дәрігер боламын деп армандаған екенмін. Қарап отырсам, сол балалық шақтағы арман мені биік мақсаттарға жетелеп, 1980 жылы 16 жасымда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсуіме мүмкіндік берді. Біздің факультетте еліміздің әр өңірінен жиналған «Алтын белгі» иелері оқыды. Адам өміріне жауапты маман болғандықтан, оқуды зор ынтамен оқитын едік. Осылайша, 1986 жылы ЖОО бітіріп шықтым. Міне, сол уақыттан бері медицина саласында еңбек етіп келе жатқаныма 40 жылдан астам уақыт өтіпті. Алғашында Қордай қаласында үш жылдай уақыт жұмыс істедім. 1994 жылдан бастап қызметімді Алматы, Астана қалаларында жалғастырдым. Осы уақыттан бастап емдеу бағытта жүмыс істеп, медициналық зерттеулер жүргізіп келемін. 40 жылдан астам уақыттың ішінде білікті де білімді мамандарды даярлап шығардық. Өзім басшылық еткен уақыттарда жас мамандарға теориялық, практикалық тұрғыда көмек көрсеттім. Қазір қарап отырсам, мыңнан астам маманды даярлау, біліктілін арттыру жолында еңбек етіппін, – дейді шипажай директорының емдеу-оңалту жөніндегі орынбасары.

Ақ халатты абзал жан өзінің жазған кітаптарына, шипажай саласы бойынша жарық көрген жұмыстарына тоқталып өтті.

Біздің жұмыс үнемі ізденісті талап етеді. Сол себепті жас мамандарға арнап әдістемелік, нұсқаулық түріндегі екі кітап, монография, 20-ға жуық мақала жазып шықтым. Кітаптар шетелдік мамандардың жұмысы мен шипажайларына қарап, жаңаша бағыттарға негізделіп жазылған. Біздің елімізде шипажай саласы қарқынды болмаса да, ақырындап дамып келеді. Еліміздің әр өңірінде шипажайлар бар, енді біреулері жаңадан ашылып жатыр дегендей. Сол себептен бұл кітаптардағы жұмыстар мамандарға таптырмас құрал болмақ. Кітапта «Almaty Resort» шипажайына енгізіліп, өзінің оң нәтижесін берген ем шаралары жазылған, – дейді Салтанат Бейсембаева.

Ұзақ өмір сүрудің негізін қалыптастыру қажет – дәрігермен сұхбат

Оның айтуынша, «Almaty Resort» шипажайында медициналық блогы заманауи құрылғылармен жабдықталып, физиотерапия бағыты жоғарғы сұранысқа ие екендігін баяндады.

Қазіргі уақытта еңбек етіп келе жатқан Президент Іс Басқармасының Медициналық орталығына қарасты «Almaty Resort» шипажайында директордың емдеу-оңалту жұмысы жөніндегі орынбасары болып жұмыс істегеніме 6 жылдан астам уақыт болды. Осы ретте, шипажайдағы физиотерапия бағытын ерекше атап өткеніміз жөн. Физиотерапия процедурасы көптеген ауруды емдеу үшін қолданылатынын көпшілік жақсы біледі. Санаторийдегі физиотерапия кешенді емдеу, ағзаны қалпына келтіруді жеделдету, көптеген дерттің алдын алу, көңіл-күйді жақсарту мақсатында кеңінен қолданылады. Мысалы, СМТ терапиясы (синусоидалы модуляцияланған ток), құрғақ гидромассаж, Каракалла ванналары, спа-капсуласы, механотерапия (осы терапияның арқасында бұлшықет, буын ауруларын емделеді, сонымен қатар науқастың физикалық жай-күйі жақсарады) және жалпы массаж сияқты түрлері сұранысқа ие. Санаторийдің медициналық блогы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мәселен, мұнда ағзадағы әртүрлі патологиялардың даму қаупін анықтау үшін «Медсканер БИОРС» аппараты қолданылады. Бұл құрылғыдағы Velness (денсаулық) бағдарламалық кешенінің көмегімен 10 түрлі диагностикадан өтуге болады, – деді ол.

Ұзақ өмір сүрудің негізін қалыптастыру қажет – дәрігермен сұхбат

Білікті дәрігер медицина саласында ынта-жігермен машықтанған адамның жетістікке жетіп, өз саласының шебері болатынын атап өтті.

Денсаулық сақтау саласы – өте күрделі әрі жауапты мамандық. Бұл салаға бет бұрғандарға үлкен жүрек пен махаббат керек. Себебі әр адамның тағдыры дәрігердің қолында, шалт басқан қадамы қателікке әкелуі әбден мүмкін. Сол себептен әр науқастың жағдайын сезініп, ауруын дөп баса білуі керек. Сол себептен бұл саланы таңдаған жандар өмірлерін бейгеге тігіп, өз жұмысын асқан жауапкершілікпен атқарады. Жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келеді. Ал сүйікті жұмысыңды істеу ләззат алумен бірдей. Жұмыста ғана емес, төрт немеремді де иіскеп, еркелетіп, ләззат аламын. Ал енді отбасыма келер болсақ, менің балаларымның ішінде анасының ізін басқандары жоқ, яғни медицина саласын таңдаған жоқ. Менің ата-анам да бұл саланың адамдары емес еді. Екі қызым, төрт немерем бар. Қыздарым экономика саласында еңбек етеді. Дегенмен осы 40 жылдың ішінде көптеген шәкіртті даярлап, оларға бағыт-бағдар бергеніме қуаныштымын. Мүмкін болашақта немерелерім өз жүрек қалауымен денсаулық сақтау саласын таңдар, - дейді Салтанат Бейсембаева.

Ұзақ өмір сүрудің негізін қалыптастыру қажет – дәрігермен сұхбат

Оның айтуынша, елімізде ұзақ өмір сүру дағдысын қалыптастыру керек. Ауырып емделгенше, ауырмайтын жол іздеген әлдеқайда абзал екендігін атап өтті.

Біздің елімізде 80-90-ға дейін өзге елдердегідей ұзақ өмір сүрудің негіздерін қалыптастыру керек. Адам баласы 100 жасағысы келсе, оны армандап қана қоймай, соған қарай әрекет жасау керек. Әр адам скринингтен өтіп, профилактикалық ем-дом қабылдап отырған жөн. Ол үшін біздің шипажайға келіп, мені іздеп тауып алыңыздар. Есігім әрқашан айқара ашық. Біз ауруханада емделіп шыққан соң, жазылып кеттік деп ойлаймыз. Шын мәнінде аурудан толық айыққан жоқсыз, міндетті түрде шипажайға барып, ағзаға күш жинаған абзал. Яғни, иммунитет қалыптастыру керек. Әйтпесе белгілі бір уақыттан кейін әлгі ауруыңыз қайта қоза бастайды. Алдыңғы айтқанымды толықтыра кетсем, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ғой атам қазақ. Демек, алдын ала қаралып, дәрігерлерге диагноз қойдырып, ауру асқынбай тұрғанда басып тастау қажет. Ұзақ жылғы қызметімнен түйгенім осы, - дейді дәрігер.

Өзгелердің жаңалығы