Қызылордада алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру ісі бойынша екі әйелге үкім шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Қызылорда қалалық № 2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот тергеуі барысында анықталғандай, айыпталушы Л. "Шығармашылық және спорт" үйірмелерін тексеретін мониторингтік топта жұмыс істеген. Бұл үйірмелерді жеке кәсіпкерлер мемлекеттік органдармен келісімшарт негізінде DAMUBALA платформасы арқылы ұйымдастырған.
Тексеру кезінде Л. бірқатар бұзушылықтарды анықтап, кейін өз қызмет бабын пайдалана отырып, кәсіпкер П.-мен бірге 88,2 миллион теңге ақшаны иемденіп кеткен, - деп жазылған сот хабарламасында.
Айыпталушының кінәсі аудиожазбалар сараптамасы, тінту және тексеру хаттамалары, банктік үзінді-көшірмелер, жәбірленушілер мен куәгерлердің жауабы және қылмыстық істегі өзге де дәлелдермен расталды.
Прокурор Л.-ны алаяқтық және ақша заңдастыру бойынша кінәлі деп танып, 6,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Ал П.-ны алаяқтық бойынша кінәлі деп танып, 5,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Сот шешімімен Л. алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған 10 жылға қаржы операцияларымен және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Жаза кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жеңілдететін мән-жайда қарастырылды.
П. алаяқтыққа көмектескені үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған да 10 жылға қаржы және басқарушылық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Алайда жазасы шартты түрде, яғни пробациялық бақылаумен өтеледі. Жеңілдететін мән-жайлар ретінде балаларының болуы, жасаған ісіне өкінуі және тергеуге көмектесуі ескерілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.