Үйірмелерге бөлінген қаржы балаға жетіп жатыр ма? Министр мәлімдеме жасады

Министр eGov-тағы үйірмелер дерегіне қатысты пікір білдірді

 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 11:17
Бүгiн 2026, 11:17
414
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова eGov порталындағы «Білім» бөлімінде оқушылардың үйірмелерге қатысуы туралы мәліметтердің жариялануына байланысты қоғамда туындаған пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр ата-аналар мен белсенді азаматтардың сыни көзқарасын орынды деп санайтынын айтты.

Оның сөзінше, Оқу-ағарту министрлігі – ашық ведомство және қоғамға ақпарат ұсыну саясатын жалғастыра береді.

Мемлекет оқушыларға орта білімді тегін береді. Соның аясында мектептегі үйірмелерге арнайы мемлекеттік тапсырыс орналастырылады, яғни бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл қаражаттың тиімді жұмсалуы және нақты оқушыға жетуі – маңызды мәселе, – деді министр.

Министрлік бөлінген қаржының игерілуіне қатысты ақпаратты ашық жариялайды. Ал деректердің шынайылығы мен сапалы енгізілуіне орта білім беру ұйымдары жауапты. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүргізілетіндіктен, мәліметтердің уақытылы әрі дұрыс енгізілуі үшін әкімдіктер мен білім беру ұйымдары жауапкершілік арқалайды.

Сондай-ақ министр қазіргі таңда «әлеуметтік әмиян» жобасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл жүйе арқылы ата-аналар eGov порталындағы жеке кабинеттен баласының:

  • тегін тамақтануын;
  • тегін немесе ақылы үйірмелерге қатысуын;
  • спорт секцияларына баруын бақылай алады.

Жоба кезең-кезеңімен кеңейтіледі.

Министрдің айтуынша, бастаманың негізгі мақсаттары - жалған және формалды есептіліктің алдын алу, балалардың дамуына бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын бақылау және үйірмелер мен спорт секциялары арқылы балалардың әлеуметтену деңгейін бағалау.

Мемлекет балалардың дамуына қаржы бөліп отыр. Сол қаражат шынымен балаға жетіп жатыр ма – біз мұны ата-аналар арқылы білгіміз келеді, – деді ведомство басшысы.

Қоғам тарапынан түскен мәліметтер қазір талданып жатыр. Қажет болған жағдайда олар құқық қорғау органдарына жолданады.

Министрлік алдағы уақытта да ашықтық қағидатын ұстанып, бюджеттен бөлінген әрбір теңгенің балалардың игілігіне тиімді жұмсалуын бақылауды жалғастырады.

Наверх