"Үйінді астында қалсақ, таңқалмаймын": Атыраулықтар кәсіпкердің заңсыз әрекетіне наразы

4 Мамыр 2023, 15:25
1773
Бөлісу:
"Үйінді астында қалсақ, таңқалмаймын": Атыраулықтар кәсіпкердің заңсыз әрекетіне наразы
VIDEO
Фото: автордан

Атырау қаласының ортасындағы 9 қабатты баспананың жертөлесі кәсіпкерге сатылып кеткен. Бірақ жауаптылар пәтер иелерінен ешқандай рұқсат алмаған. Нысан астын бірнеше жерінен тесіп, есік шығарған бизнес иелерінің әрекеті бұқараға жақпады. Олар қарсылық танытып, шу көтерді, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Алмагүл ышқам ауданындағы № 10 үй қолданысқа 2006 жылы берілген. Тұрғындардың бәрі оны жылдар бойы жинаған ақшасына сатып алыпты. Осы уақытқа дейін шыбын ызыңы да білінбейтін жерде қазір құрылыс қарқынды. Жертөлені сатып алған кәсіпкерлер қабырғаларды бірнеше жерден бұзып, 15 шақты есік шығарып қойған. Одан бірінші қабатта тұратын пәтерлердің қабырғалары жарыла бастапты.

"Үйінді астында қалсақ, таңқалмаймын": Атыраулықтар кәсіпкердің заңсыз әрекетіне наразы

Мен осы жерде мына үй қолданысқа берілгеннен бері тұрамын. Бұған дейін бұл жертөле ешкімге де керек болған жоқ. Енді бәрін бұзып, кәсіп ашып жатыр. Менің 6 балам бар. Көпбалалы анамын. Бір күні мына үйдің құлап түспейтініне кім кепілдік береді. Үйіндінің астында қалсақ таңқалмаймын, - дейді тұрғындардың бірі Мейрамгүл Құсайынова.

Бұған дейін жұрт өздері әрекет етіп, бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырған. Бірақ ешкімнен көңіл көншітерлік жауап ала алмапты. Ал «Egov» порталы арқылы хат жолдаған кезде, мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасы, ол жерде құрылыс жүргізуге рұқсат берілген жоқ деп жауап берген. Нысан астында жұмыс бастағандар әу баста оқу орталығын ашатындығын айтқасын, тұрғындар аса дүрлікпеген. Қазір екі бірдей сырахана жұмыс істеп тұр. Енді жұрт балалардың қауіпсіздігіне алаңдап отыр.

Қазірдің өзінде екі бірдей сырахана ашып қойған. Енді тағы біреуін ашса, бұл жер базарға айналайын деп тұр. Мына жердегі ойын алаңында балаларымыз жүреді. Солар үшін алаңдаймыз. Ал 100 метр жерде мектеп бар. Менің білуімше, мектеп бар жерге жақын маңда ондай алкогольді өнім сататын дүкен ашуға болмайды. Барлық жауапты мекемелерге бардық. Біріне-бірі сілтейді. Кейін облыс әкімі Серік Шәпкеновке арыз жаздық. Екі апта өтсе де, ол хатымызға жауап алмадық. Үйдің астын әлі тесіп жатыр. Біз бұған қарсымыз, - дейді тұрғындар.

Базынасын айтуға жиналғандармен тілдесуге жауаптылар лезде жетті. Олар тапсырылған жоба бойынша бұл жертөленің ішін ғана бірнеше бөлікке бөлуге рұқсат бар дейді. Яғни бірнеше есік шығарып, қабырғаны бұзу заңсыз. Яғни атқарылып жатқан жұмыс құжатқа сәйкес емес. Ал кәсіпкер ол жерлердегі есіктерді бұған дейін болды деп көрсеткен.

Біздің бөлімге құжат тапсырылған кезде, есіктері бұрыннан бар деп көрсетілген еді. Яғни, бұл құжаттың сәйкессіздігі. Ол жерді бөлуге ғана рұқсат алған. Ол бойынша біз тексеріс жүргіземіз. Ал мына тұрған сыраханаларды ашуға біз рұқсат берген жоқпыз. Қазір жиналған тұрғындар қала әкімдігінің өкілдеріне ұжымдық арыз жазды. Соның негізінде біз тиісті мекемеге хат жолдайтын боламыз, - дейді Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Фараб Қуанышқалиев.

Тұрғындар ешқандай рұқсат берген жоқпыз деген уақытта, шенділер пәтер иелерінің қолы қойылған құжатты көрсетіп жұрттың ашуына тиді. Себебі тіркелген ол аты-жөндер мен қойылған қолдар жалған болып шықты. Дәл осы баспана иелеріне мүлде қатысы жоқ екені анықталды.

"Үйінді астында қалсақ, таңқалмаймын": Атыраулықтар кәсіпкердің заңсыз әрекетіне наразы

Шу шығарған бұқараға мән-жайды түсіндіруге кәсіпкердің өзі келген жоқ. Сонымен ол жертөленің әу баста кімнің балансында болғаны, қанша қаржыға сатылғаны жөнінде биліктегілер жақ ашпай отыр. Тек 266 шаршы метр жер Аружан Қуанышкереева есімді бизнес иесінің иелігінде екенін айтты. Ал тұрғындар құрылыс жақын арада тоқтамаса, жауаптыларды да кәсіпкерді де сотқа береміз деген байламға келді.

Видео: автордан
Өзгелердің жаңалығы