Ішкі істер министрлігі Қарағанды облысында синтетикалық есірткі өндірісінің жолын кесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Есірткі қылмысына қарсы күрес комитетінің қызметкерлері жеке тұрғын үйдің қосалқы ғимаратында ірі көлемде синтетикалық есірткі өндіретін кәсіпорын құрған 33 жастағы азаматты ұстады.
Тінту барысында оқиға орнынан 20 келі мефедрон, дайын кристалданған жарты тонна өнім, арнайы жабдықтар, магнитті араластырғыштар, химиялық реагенттері бар пластикалық канистрлер, сондай-ақ есірткі өндіруде қолданылатын шамамен 4 тонна прекурсор тәркіленді.
Нәтижесінде бір жарым миллионға жуық бір реттік доза заңсыз айналымға жіберілмеді.
Polisia.kz мәліметінше, бұл – жүздеген адамның, ең алдымен, өсіп келе жатқан ұрпақтың өмірі мен денсаулығын сақтап қалу деген сөз. Есірткі өндірісін ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өндірісті ұйымдастырушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Бұл жолды таңдаған әрбір адам жазаның бұлтартпастығын анық түсінуі тиіс. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда.