Утиль алымнан жиналған ақшаның қайда кеткені белгісіз – депутат

14 Маусым 2024, 14:55
2294
Бөлісу:
Утиль алымнан жиналған ақшаның қайда кеткені белгісіз – депутат
Фото: BAQ.KZ

Мәжіліс депутаттары Абзал Құспан мен Ермұрат Бәпи шетелден әкелінген көліктерге төленетін утилизация алымына қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлдебір мүдделердің қақтығысынан қоғам мен атқарушы биліктің арасында ерегіс туып отыр. Меніңше, дәл осындай утиль алымды, алғашқы салықты алудың түрлі жол бар. Тіпті бірқатар елдер де мұндай салық жоқ та. Өзі қымбатшылықтан әрең күн көріп жүрген халыққа салық салу - санаға сыймайтын нәрсе. Атқарушы биліктің уәжі бар. Олар егер осындай салық салмасақ, елімізде-90-шы жылдардағы шетелдің ескі көліктерінің қалдығы қаптап кетуі мүмкін дейді. Бірақ оны да реттеудің жолы бар ғой? Бәріне бір көзқараспен қарауға болмайды. Одан гөрі көліктің жылына байланысты салықты көбейте берсін деймін. Мәселен, ескі көліктің салығын көп қылып, жаңаны аз қылсын. Бұл атқарушы билік пен қоғам арасындағы текетірес қоғамның мүддесіне шешіледі деп ойлаймын, - деді Ермұрат Бәпи.

Мәжіліс депутат Абзал Құспанның айтуынша, ауыл шаруашылығы техникаларына және жүк көліктеріне қатысты утильа лымды толық алып тастау қажет.

Өйткені бұдан ауыл шаруашылығына үлкен зиян келеді. Ал жеңіл көлікке келер болсақ, өз басым жергілікті автоөнеркәсіптің жағдайын білгім келеді. Оған байланысты біраз мәліметтер сұратып жатырмын. Осы кезге дейін көпке берген ақпараттары нақты емес. Автоөнеркәсіпте Мade in kz деп тек сыртына белгі жапсырып қоямыз, алған қалған бөліктері Өзбекстаннан не Қытайдан келген болып шығып жатыр, - деді депутат.

Ол депутаттардың көбі жеңіл көлікке салынатын утильа лымға қарсы екенін айтады.

Депутаттардың басым көпшілігі утиль алымға қарсы шығып отыр. Өйткені нақты нәтиже жоқ. Естеріңізде болса, осыдан 3 апта бұрын Парламентте жауапты ведомство басшысын да сұрақтың астына алдық. Сол кезде ол да нақты жауап бере алмады, - деді Құспан.

Абзал Құспан үкімет қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың деректерін жоққа шығара алмай отырғанын атап өтті.

Неге екені түсініксіз, бұл жерде мүлдем ашықтық жоқ. Ең қызығы, утиль алымнан 2016 жылдан бастап жиналған қаржының қайда кеткені жөнінде ақпаратты бермей отыр. Бұл ақпаратты Санжардан бөлек, депутаттардың өзі ала алмай отырған жайы бар. Мені таңғалдырған дүние, Жоғарғы сот шешімі болды. Онда азаматтар өзінің қалтасынан шығарған ақшаны қайда кетіп жатқанын білуге толық құқылы екені айтылды. Демек бұл іс алдағы уақытта кешенді түрде қаралады деген сөз. Өкінішке қарай қазіргі беріп отырған жауаптары көңіл көншітпейді, - деді мәжілісмен.

Өзгелердің жаңалығы