Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ұстаз: Мұғалім болу – жүректің таңдауы

5 Қазан 2025, 15:42
696
Бөлісу:
 кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

5 қазан — Қазақстанда Ұстаздар күні. Бұл мереке – өз ісін сүйіспеншілікпен атқарып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге өмірін арнаған жандарға көрсетілетін алғыс пен құрметтің белгісі. Солардың бірі — Семей қаласындағы №36 жалпы орта білім беретін мектептің тарих және география пәнінің мұғалімі Ләззат Дүйсекина. Ол үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, тағдыр мен жүректің таңдауы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

"Ұстаз – тек білім беруші емес, жол сілтер шырақ"

Қалай зергер асыл тастың ішкі жарқылын аша түссе, ұстаз да шәкірт бойындағы сенім мен қабілетті ұштайды. Бұл мамандықтың жауапкершілігі де, сыйы да ерекше. Әр сабағымда оқушыға тек білім ғана емес, өмірге деген көзқарас, сенім дәнін де егемін, – дейді ұстаз.

Ұстаз: Мұғалім болу – жүректің таңдауы
Кейіпкердің жеке мұрағатынан.

Ләззат ұстаз 2007 жылдан бастап ұстаздық қызметін атқарып келеді. Бүгінде ол білімі мен тәжірибесін жаңа буынмен бөлісіп, шәкірттерін ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадаларға дайындап жүр. Дарынды шәкірттері қалалық, республикалық олимпиадаларда оза шауып, ғылыми байқауларда топ жарған. Атап айтқанда, Мағжан оқулары, Мәшһүр-Жүсіп оқулары, Шәкәрім оқуларында жүлделі орындарды иеленіп жүр. Сондай-ақ ғылыми-практикалық конференцияларға, білім додаларына үнемі қатысады.

 

Тарих пен географияны жаңа технологиямен ұштастырған мұғалім

Қазіргі оқушыны қызықтыру үшін бұрынғы әдіс жеткіліксіз. Сабақта Kahoot, Quizlet, Google Classroom, Moodle сияқты платформаларды қолданамын. Бұл оқушылардың логикалық ойлауын, есте сақтау қабілетін дамытады, – дейді педагог.

Тарих сабақтарында хронологиялық жүйелеу мен карталар арқылы оқушылар оқиғалардың кеңістіктік байланысын көреді. Ал география пәнінде визуалды құралдар мен интерактивті карталар арқылы табиғи аймақтар мен климаттық диаграммалар талданады.

Жаңа технологияларды қолдану сабақтың тиімділігін арттырып, білімді қабылдау процесін жеңілдетеді. Әрі оқушы өз бетімен ізденуді үйренеді – бұл болашақта кез келген салада қажет қасиет, – дейді мұғалім.

 

"Мұғалім – үнемі ізденіс үстіндегі тұлға"

Мұғалім мамандығы күрделі әрі көп қырлы. Ең қызығы – жылдар бойғы тәжірибемен бірге оның жауапкершілігі де арта береді. Бүгін ұстаз болу – үнемі даму, өзгеру, қайтадан үйрену деген сөз. Заман талабына сай болу үшін біз де оқушылармен бірге өсеміз, – дейді Ләззат Дүйсекина.

Ол қазір жасанды интеллект технологияларын да оқу үдерісіне енгізуді үйреніп жүр.

ЖИ – мұғалімнің орнын баспайды, керісінше, оның уақытын үнемдеп, шығармашылыққа жол ашады. Сабақ жоспарын жеңілдетіп, оқушының қабілетіне қарай жеке траектория жасауға көмектеседі. Бұл – ұстаз еңбегінің тиімділігін арттыратын жаңа құрал, – дейді ол.

 

"Ұстаз болу – адамның тағдырына әсер ету"

Ол үшін ұстаздық – өмір салты. Ол әрбір шәкіртіне сенім артып, олардың жетістігін өз қуанышындай қабылдайды.

Бұрын ештеңе білмеген оқушының өзіне сенімді, табысты адамға айналғанын көру – ұстаз үшін ең үлкен марапат. Ал “Сіз менің өмірімді өзгерттіңіз” деген бір ғана сөз – кез келген атақтан биік, – деп ағынан жарылды спикер.

Ұстаз: Мұғалім болу – жүректің таңдауы
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, ұстаздықта сабыр, мейірім, табандылық пен жанашырлық қажет. Бұл қасиеттер адам тағдырына оң әсер етуге мүмкіндік береді.

Білім беру – болашаққа салынған инвестиция. Мұғалімнің миссиясы – оқушының бойындағы талантты ашып, оның өмірлік бағытын табуына көмектесу, – дейді Ләззат Дүйсекина.

Бүгінде ұстаз еңбегін заманауи технологиямен ұштастырып, баланың ойлау мәдениетін дамыту – жаңа дәуірдің талабы. Ал осындай талап үдесінен шығып, шәкіртін шексіз сүйіспеншілікпен тәрбиелеп жүрген ұстаздар — қоғамның нағыз ұстындары.

Семейлік ұстаз Ләззат Дүйсекина – сол жандардың бірі. Ол үшін әр сабақ – жаңа мүмкіндік, әр оқушы – жаңа әлем.

Әр оқушының жетістігінде менің кішкене үлесім болса, сол менің ең үлкен марапатым, – дейді ұстаз.

Өзгелердің жаңалығы