Иран-Израиль қақтығысы: Үшінші дүниежүзілік соғыс басталуы мүмкін бе?

Саясаттанушы Ералы Нұржұма қазіргі жағдайды тараптар ондаған жыл бойы қалыптастырған стратегияның заңды жалғасы деп санайды.

 Жасанды интеллект Бүгiн 2026, 13:13
Бүгiн 2026, 13:13
181
Фото: Жасанды интеллект

Саясаттанушы Ералы Нұржұма қазіргі жағдайды тараптар ондаған жыл бойы қалыптастырған стратегияның заңды жалғасы деп санайды. АҚШ, Израиль және Иран арасындағы текетірестің ушығуы аймақтағы шиеленісті күшейтіп, алаңдаушылық тудырды. Осындай жағдайда Таяу Шығыс елдеріне ықтимал әсері қандай болатынын сарапшылар бағамдауда. BAQ.KZ тілшісі бұл мәселені саясаттанушы Ералы Нұржұмамен талқылады.

Ералы Нұржұманың айтуынша, бүгінгі оқиғалар – тараптардың ондаған жыл бойы жүргізіп келген стратегиясының қисынды жалғасы. Қақтығыс белгілі бір сәтте «кім бірінші бастайды?» деген сценарийге тірелуі заңды құбылыс.

Иран ондаған жыл бойы ықпал ету жүйесін тек зымыран арқылы ғана емес, идеология арқылы да қалыптастырды. Ел тек ядролық бағдарламасын дамытумен шектелген жоқ, жыл сайын ставканы көтеріп отырды. Ал Израиль болса, Тегеран ядролық қаруға жақындайтын болса, соққы жасайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Әрине, бұл жерде АҚШ-пен одақтастық факторын да ескеру қажет. Бұл дипломатиялық ойын емес – мәселе әлдеқайда салмақты. Бір сәтте бір тарап бірінші қадамға баруы тиіс еді, - дейді ол.

Сарапшының пікірінше, Иранға ықтимал соққыларды нүктелік акция ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – тұтас аймақтық байланыстар жүйесіне араласу.

Иран билігінің Ормуз бұғазын жабу мүмкіндігі бар. Әлемдік мұнайдың шамамен бестен бірі осы бұғаз арқылы өтеді. Сондықтан кез келген ірі әскери соққы - бұл жай ғана жергілікті соғыс емес, бүкіл өңірдегі ойын ережесінің өзгеруі, - деп атап өтті саясаттанушы.

Ералы Нұржұма Вашингтонда дағдарыстың түпкі себебін Иранның жоғары діни-саяси жүйесінен көретіндер бар екенін айтады. Алайда тәжірибе көрсеткендей, көшбасшыны жою мемлекеттің бағытын түбегейлі өзгертпейді. Мысал ретінде ол Саддам Хусейннен кейінгі Ирак пен Муаммар Каддафиден кейінгі Ливияны келтіреді. Бұл елдер билік ауысқаннан кейін де тұрақты әрі болжамды мемлекетке айнала қойған жоқ.

Оның сөзінше, мемлекеттік жүйе бір ғана соққымен «қирап» кетпейді. Керісінше, қоғам радикалданып, бұрынғыдан да күштірек бірігуі мүмкін.

Саясаттанушы «үшінші дүниежүзілік соғыс» туралы әңгімелер қорқынышты естілгенімен, көбіне медиалық драматизацияға негізделгенін айтады. Қазіргі қақтығысқа іс жүзінде оннан астам ел тартылғанымен, бұл әлі де әлемдік соғыс деп аталатын деңгей емес. Әдетте әлемдік соғыс деп мемлекеттердің басым бөлігі қатысқан, бірнеше өңір мен құрлықты қамтыған ауқымды қақтығысты айтады.

Иә, бұл жанжалға оннан астам ел де-факто тартылды. Дегенмен әлемдік соғыс дегеніміз – мемлекеттердің көпшілігі қатысатын, бірнеше құрлықты қамтитын қақтығыс. Қазіргі жағдайды прокси-соғыстан өсіп шыққан ірі аймақтық соғыс деп атаған жөн болар. Үшінші дүниежүзілік соғыс дегеніміз – АҚШ, Қытай және Ресейдің тікелей соғысуы. Ал бұл автоматты түрде ядролық сценарийге әкеледі. Қазіргі шындық басқа: біз тұрақсыздық дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. БҰҰ секілді институттардың ықпалы әлсіреп барады, өйткені ірі державалар 1945 жылы жазылған ережелермен ойнағысы келмейді. Бүгінде резолюциялар емес, күш, ресурс және тәуекелге бару дайындығы шешуші рөл атқарады. Ал Таяу Шығыста бұл жаңа шындық ең алдымен және ең қатаң түрде көрініс табуда, – деп түйіндеді сарапшы.

Наверх