Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көлік полицейлері «Лондон – Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе рейсінен әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 24 жастағы Ұлыбритания азаматынф айыппұл салынды, деп мәлімдеді Көліктегі полиция департаментінің баспасөз кызметі.
«Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімі кезекші бөліміне «Эйр Астана» АҚ өкілінен «Лондон – Нұр-Сұлтан» бағытындағы әуе кемесінде құқық бұзушы бар екендігі туралы хабарлама келіп түсті. Көлік полицейлерімен тексеру барысында 24 жастағы Ұлыбритания азаматы анықталды. Ер адам әуе кемесінде болу ережесін бұзғаны, яғни жолаушылар мен бортсеріктерді балағаттағаны үшін әуе кемесінен түсірілген. Бортсеріктің жазбаша ескертуіне жолаушы өзін дөрекі ұстап, қатты күліп, өзінің ағылшын тілінде оқи алмайтынын айтып, таза жол жиынтығы қабына түкіріп, басқа жолаушыларды қорлап, самолет бортында ешкімге құлақ аспай, қауіпсіздік ережесін сақтамай қарсылық көрсеткен. Оған қоса құқықбұзушы қатты ұрсысып, бортсеріктердің ескертулеріне ерегесе жауап беріп, олардың қызмет көрсетулеріне кедергі келтірген», делінген хабарламада.
Бұдан кейін аталған азаматтың үстінен ҚР ӘҚБтК 566-бабының 1- тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, әуе кемесіндегі жол жүру ережелерін бұзғаны үшін Ұлыбританиялық жолаушыға 3 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ, аталған азаматтың үстінен ҚР ӘҚБтК 434-бабы бойынша тағы бір «Ұсақ құқықбұзушылық» әкімшілік іс қозғалды.
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен 5 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.