Үш жыл ішінде жұмысшы мамандықтарды таңдаған жастар 5 мыңға жетті

24 Маусым 2024, 17:41
191
Бөлісу:
Үш жыл ішінде жұмысшы мамандықтарды таңдаған жастар 5 мыңға жетті
Фото: автордан

Ертіс өңірінде соңғы үш жыл ішінде жұмысшы мамандықтарды таңдаған жастардың саны 5 мыңға артты. Қазіргі уақытта 23 мыңнан астам қыз-жігіт облыстың колледждерінде білім алып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Асаинованың айтуынша, биыл биыл бюджет есебінен мемлекеттік білім беру грантына рекордтық сома бөлінді. Өңір колледждерінде тегін білім алуға 6200 орын қарастырылған. Бұл үш жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 37%-ға көп.

Бүгінгі таңда колледждерде педагогикалық және медициналық мамандықтар сұранысқа ие. Десе де, соңғы жылдары техникалық және технологиялық мамандықтарды таңдағандар саны жыл сайын көбеюде. Себебі, өңір кәсіпорындарына білікті мамандар қажет. Еңбек нарығының қажеттілігіне басымдық беріп отырмыз. Дәнекерлеу технологиялар, слесарьлық құзыреттіліктер, энергетика, жылу энергетикасы және айти технологиялар басым бағыттарға айналды. Өткен жылдан бері «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы бойынша ішкі нарыққа қажет мамандықтар модульдері енгізіліп жатыр. Осы күнге дейін модуль ретінде 40 мамандық жаңартылды. Қазіргі уақытта 15 мамандық бойынша лицензия алу жоспарда бар, - дейді Қарлығаш Асаинова.

Айта кетейік, облыста кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадр даярдау ісі оң жолға қойылған. Бүгінде 1040 студент оқып жатыр, диплом алған соң зауыттарға жұмысқа орналасады. Сала мамандарының айтуынша, жастарды жұмысшы мамандықтаржы таңдауға ынталандырудың бір бағыты – тегін оқумен қамтудан бөлек, жатақхана бөлу. Қазіргі уақытта аймақтағы 44 арнайы орта білім беру мекемелерінің жанында 32 студенттер үйі бар.

Өзгелердің жаңалығы