Үш өңірден басқасы жоспарланған негізгі көрсеткіштерге қол жеткізбеген – Мамин

10 Желтоқсан 2020, 10:28
1973
Бөлісу:
Үш өңірден басқасы жоспарланған негізгі көрсеткіштерге қол жеткізбеген – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министр Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырысында өңір басшыларына әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы мен тарифтерді тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы және де оны алдағы уақытта да сақтау - еліміздің экономикалық дамуының негізін жасауда. Өңірлерге келсек, 11 айдың қорытындысына сәйкес 5 негізгі көрсеткіш бойынша он бір өңір әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Бұлар – Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Шымкент, Нұр-Сұлтан  қалалары. Үш өңірде 4 көрсеткіш бойынша оң серпін байқалады. Бұлар - Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары және Алматы қаласы.  Ал қалған өңірлер жоспарланған негізгі көрсеткіштерге қол жеткізбеген, - деді ол.

Үкімет басшысы Павлодар, Түркістан, Ақтөбе облыстары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасының өсу қарқыны байқалып отырғанын жеткізді. Ол өңір басшыларына әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы мен тарифтерді тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Ақмола, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары және Нұр-Сұлтан  қаласында бағалардың ең төмен өсу қарқыны тіркеліп отырғанын атап өту қажет. Өңірлердің әкімдері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы мен тарифтерді тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдасын. Бұл - аса маңызды мәселе және әлеуметтік маңызы үлкен. Бұл бағыттағы жұмысты ұйымдастыру үшін сіздерде барлық қажетті механизмдер бар. Бағаларды тұрақтандыру мәселесін үнемі бақылауда ұстау қажет. Әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу және Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін барлық өңірлер әкімдері нақты шараларды қабылдауы керек. Жалпы, пандемияның елеулі әсеріне және жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты екенін көрсетті,  көрсеткіштер біртіндеп өсіп келеді. Бюджеттің кіріс бөлігі бойынша бекітілген жоспарды жыл соңына дейін 100% орындау қажет, - деді ол.

Мамин бюджетті атқару бөлігінде мемлекеттік органдар мен өңірлер қаржы жылының соңына дейін бюджет қаражатының толық әрі тиімді игерілуін тез арада қамтамасыз етуі керегін ескертті.

Өзгелердің жаңалығы