Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жолданған өтініштердің барлығын уақытылы өңдеп, жаңа түскендерін қабылдап үлгеру үшін Отбасы банк қызметкерлері Наурыз мейрамында жұмыс істейтін болады.
БЗТ аударылатын депозитті немесе арнайы шотты қашықтан ашуға болады. Ол үшін 300 нөміріне немесе банк сайтындағы сілтеме арқылы бейнеоператорға хабарласу қажет. Қоңыраулар демалыс күндеріне қарамастан 19, 20, 21 және 22 наурыз күндері қабылданады.
Enpf-otbasy.kz платформасы да қазақстандықтарға 24/7 режимінде, демалыс пен мереке күндері де қолжетімді болмақ.
Соңғы 3 күнде enpf-otbasy.kz платформасына 157 мыңнан астам өтініш түсті. Ең көп таңдалған мақсаттардың ішінде: Отбасы банкіндегі салымды толықтыру, емделу және ипотеканы ішінара өтеу.
Қазақстандықтардың БЖЗҚ-нан сұратып жатқан ең төменгі сомасы – 200 теңге. Өтініш бергендердің орташа жасы 36-45 жас аралығында. Платформаны пайдаланушылардың дені ер адамдар.
Enpf-otbasy.kz жұмыс істеген бір жыл ішінде барлығы 1,5 миллион өтініш өңделіп, БЖЗҚ-на жіберілді. БЗТ-ін пайдалану бойынша уәкілетті бес оператордың ішінде Отбасы Банкіне барлық өтініштердің 96% тиесілі болды. Платформа сағат сайын шамамен 1000 өтінім қабылдайды.
2022 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегі өзгереді. БЗТ-ін қазіргі шарттармен пайдалану үшін қазақстандықтар 2022 жылдың 29 наурызына дейін enpf-otbasy.kz платформасына өтініш беріп үлгеруі қажет. Отбасы банк өтінішті 2 күн ішінде қарап, БЖЗҚ-на жібереді. БЖЗҚ 2022 жылдың 31 наурызына дейін қабылдаған өтініштер бойынша БЗТ-ін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейінгі бұрынғы шекті мәндерге сәйкес төлейді.
Азаматтардан жолданған өтініштердің көп болуына байланысты бірнеше күн бойы enpf-otbasy.kz платформасының жұмыс қабілеттілігінің баяулауы байқалды. Қазір оның жұмысы қалпына келтірілді. Ақаулар орын алмауы үшін IT мамандар жүйені үздіксіз қадағалап отыр.