Елордада үш газ қазандығының құрылысы қатар жүріп жатыр. Газ қазандықтарының қуаты ЖЭО-3-тен 3 еседен де асып түседі. Тиісінше қазіргі тапшылықтың орнын толтыруға да, құрылыс жұмыстары жүретін жаңа аудандарды жылумен қамтуға да мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ .
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов instagram-парақшасында жазды.
Әкім мәлім еткендей, газ қазандықтарын 2023 жылдан бастап кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланып отыр. Газ қазандықтары жаңа теміржол вокзалының аумағында, Қорғалжын тас жолының бойында және Тельман елді мекенінде орналасқан.
Осылайша, «Оңтүстік-Шығыс» қазандығы «Мыңжылдық» ауданын, жаңа теміржол вокзалы аумағын, құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан аудандарды және т.б. жылумен қамтамасыз етеді. Ал «Тельман» қазандығы «Бағыстан» ТК, Ұлы Дала даңғылы, «Тельман» елді мекені аумағын қамтиды. Өз кезегінде үшінші – «Тұран» газ қазандығы Қорғалжын тас жолы, Тұран даңғылы бойындағы және т.б. құрылысы қарқынды жүріп жатқан аудандарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - дейді әкім.
Ол қаланы аралау барысында сорғы-сүзу станциясының (ССС-3) құрылысымен танысқанын айтып өтті.
Бүгінде қала тәулігіне 300 мың текше метр су тұтынады, ал жаңа ССС-3 қуаттылығы тәулігіне қосымша 100 мың текше метрден астам су береді. Қаламыздың дамып келе жатқанын ескерсек, қазірдің өзінде суға деген қосымша қажеттілік бар. Осы себепті ССС-3 биыл жыл соңына қарай ішінара пайдалануға беріледі. Осылайша, сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. Ал 2023 жылдан бастап ССС-3 жұмысының қуатын арттырамыз, – деп жазды Алтай Көлгінов.