"Үш фактор бар". Министр теңгенің неге әлсірегенін түсіндірді

Бүгiн, 15:17
226
Бөлісу:
"Үш фактор бар". Министр теңгенің неге әлсірегенін түсіндірді
Фото: Арман Мухатов - архив

Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров теңгеге әсер етіп отырған үш факторды атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы бірнеше аптада валюта нарығында белгілі бір құбылулар байқалады, бұл ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен көрініс табуда. Өткен аптада АҚШ долларының бағамы 500 теңгеден асты. Осыған байланысты, бизнес пен азаматтарымыздың алаңдаушылығын түсіне отырып, Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша келісілген шаралар қабылдауда, - деді Байбазаров үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте.

Министрдің сөзінше, Ұлттық валютаның айырбас бағамын түзету іргелі сыртқы факторлардың әсерінен ғана туындайтын құбылыс.

Байбазаров теңге құнына әсер еткен үш факторды атады:

Бірінші фактор – соңғы айларда доллар индексінің жаһандық нығаюы.

Екінші фактор – әлемдік мұнай бағасының төмендеуімен байланысты.

Үшінші фактор – Ресей рублінің әлсіреуі.

Ресей біздің негізгі сауда серіктесіміз екенін ескерсек, рубль бағамының құбылуы теңге бағамына әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу және кәсіпкерлерге теріс әсерін азайту. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру әрі барынша азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Бұл үшін Үкіметте ресурстар мен құралдар жеткілікті, - деді Нұрлан Серікұлы.

Бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2025 жылдан бастап балалар жәрдемақысы өсетінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы