Үш буын ұстаздар әулеті

Бүгiн, 09:15
140
Бөлісу:
Үш буын ұстаздар әулеті
PHOTO
Фото: Кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында тұратын Оспановтар әулетінде үш буын ұстаздық жолды таңдаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әулеттің үлкені Оспан Бақов білім беру саласында 40 жыл еңбек еткен. Зайыбы Шәмшия Бақова ауылда кітапханашы болған. Ерлі-зайыптылар 11 баланы дүниеге әкеліп, өсірген. Бүгінде солардан тараған ұрпақтан Шәмшия әже немере-шөбере сүйіп отыр.

Әке жолын жалғастырып, бүгінде Шалқар қаласындағы №2 орта мектеп-гимназияда мұғалім болып қызмет ететін Еділ Оспановтың айтуынша, ұстаздық — ұлы мамандық.

Әкеміз Қорғантұз орта мектебінде 40 жыл жұмыс істеді. «Оқу ісінің үздігі» атанды, мектеп басқарды. Біз отбасында 11 бала өніп-өстік. Бүгінде соның бесеуі — мұғалім. Қазір анамыз ортамызда, әкеміз өмірден өтті. Ер балалар арасында мен ғана ұстаздық жолды таңдадым. Қазір 5-11 сыныптарға дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Осы саладағы еңбек өтілім — 31 жыл, — дейді ол.

Еділ Оспанов 30 жылда көп жетістікке қол жеткізген, шәкірттері жарыстардан жүлде алған. Ауданда «Ең үздік дене шынықтыру мұғалімі», «Ең үздік мұғалім» атағын алып, министрліктің Алғыс хатымен марапатталған. Жуырда облыста тоғызқұмалақтан өткен жарыста жүлдеге ие болған.

Үш буын ұстаздар әулеті

Еділ Оспановтың зайыбы Эльмира да №2 мектеп-гимназияда жұмыс істейді. Ол — бастауыш сынып мұғалімі.

Осындай әулетке келін болғаныма қуанамын. Енем — мейірімді, көпшіл адам. Қазір жасы 80-нен асса да денсаулығы жақсы. Әлі күнге дейін кітап оқиды. Біздің әулетте ұстаздар көп, осы жолдағы олардың жалпы еңбек өтілі 300 жылдан асады, — дейді Эльмира.

Еділ Оспановтың үлкен ұлы да мұғалім. Бүгінде ол Орал қаласындағы «Зерделі» орталығын басқарады.

Айта кету керек, Оспановтар әулеті 2022 жылы «Мерейлі отбасы» конкурсына қатысып, облыстан бас жүлде алған.

Өзгелердің жаңалығы