Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының жеке сот орындаушысы Балпық Асқарбеков алимент бойынша 5 миллион теңгеге жуық қарызды үш баласы бар ананың пайдасына өндіріп алды.
Бұл туралы республикалық жеке сот орындаушылар палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Орындау кезінде ол борышкердің банктік шоттарына тыйым салып, елден шығуға шектеу қойған. Алайда бұл жұмыссыз адамға әсер еткен жоқ. Қарызды өтемеген жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын сот орындаушы жеткізген кезде, әке қарызды толығымен жабуды шешті, - делінген хабарламада.
Жартылай малмен, жартылай ақшамен қарызды толығымен өтеді. Өтініш бойынша атқарушылық құжат өндіріп алушыға қайтарылғанын айта кету керек.
Бүгінгі күні еліміз бойынша мүлде алимент төлемейтіндер саны 12 000 адамға жетті.
Жыл басынан жеке сот орындаушылардың ұсынысы бойынша 1016 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, ал 24 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.