Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің тұрғыны суға батып кете жаздаған үш баланы құтқарған Андрей Карандашов марапатқа ие болды.
33 жастағы Андрей Карандашов Ақтоғай ауданы Приреченск ауылының тумасы. Демалыс күні өзенге балық аулауға барғанда суға батып бара жатқан үш баланы көрген.
Қармағыма балық түспеді. Үйге қайтайын деп жатқанда, үш балаға көзім шалды. Айқайлап едім, жауап болмады. Сол сәтте олардың ес-түссіз болғанын білдім. Олар жағадан 10 метрлік жерде қалқып жатты. Үшінші бала су түбіне түсіп кетіпті. Абырой болғанда, ұстап алып, шығардым. Екі ұл бала есін бірден жинады, үшінші балаға жасанды демалу мен жүрек массажын жасадым. Ағайынды балаларда кезек кезек жағаға шығардым, - дейді Андрей Карандашов.
Бүгінгі күннің батыры атанған Андрей облыс басшылығы мен төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан марапаттарға ие болды. Ең бастысы, үш балақайдың ата-анасының зор алғысын арқалады.
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов ақтоғайлық азаматқа туған ауылынан үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Сонымен қатар, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді.
Бұл шын мәнінде ерлік емес, біз үшін баға жетпес және сіз құтқарған балалар үшін аса маңызды нағыз қаһармандық әрекет. Мен өңірімізде сіз сияқты азаматтар болғаны үшін мақтанамын. Ата-анаңызға өзіңіздей еліміздің адал азаматын тәрбиелегені үшін көп рахмет. Сізге өңір тұрғындарының атынан алғыс айтамын, - деді аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов.
Андей Карандашовтың екі баласы бар. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Бұған дейін жалдамалы үйде тұрған. Енді өз пәтерінде тұратын болады. Айта кетейік, бұл – ақтоғайлық тұрғын жасаған алғашқы ерлік емес. Бұған дейін, бала кезінде сегіз жасар жеткіншекті де құтқарып қалған.