Бірінші тоқсанда Қазақстанға өзге елдерден 7,6 мың адам көшіп келсе, 2,6 мыңы көшіп кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Аталған кезеңде ел ішіндегі миграция 10,9% артты.
Өңіраралық көші-қон бойынша еліміздің 4 өңірінде: Алматы (6 782 адам), Астана (6 443 адам), Шымкент (241 адам) қалаларында және Алматы облысында (223 адам) халық көші-қонының оң сальдосы қалыптасты. 2023 жылғы қантар-наурызда елге көшіп келгендер саны 7 680 адамды, елден кеткендер саны 2 664 адамды құрады.
Көші-қон сальдосы 5 016 адамды құрады.
2022 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 87% өсті, ал шығып кеткен 49,6% азайды, - делінген мәліметте.
Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттері арасында жүрген. Достастық елдерінен келгендердің үлесі – 90%, ал сонда кеткендердің үлесі – 69,5%.