Үш ай салық төлемегендерге елден шығуға тыйым салынуы мүмкін

1 қаңтардан бастап салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері өзгертілді.

 pexels.com 23 Қазан 2026, 08:57
23 Қазан 2026, 08:57
162
Фото: pexels.com

Салық берешегі туындаған күннен бастап үш айдан астам уақыт бойы өтелмеген және оның мөлшері 27 000 АЕК-тен асқан жағдайда Қазақстаннан шығуға рұқсат етілмейді. Бұл туралы Қаржы министрлігі мәлімдеді.

1 қаңтардан бастап салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері өзгертілді.

Бұрын тәуекелдерді басқару жүйесін ескере отырып, берешек мөлшері 1 теңгеден басталған жағдайда өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін болса, енді сараланған тәсіл енгізілді.

Берешек мөлшері 20 АЕК-тен аз болған жағдайда салық төлеушіге берешектің бар екендігі туралы хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Өзге өндіріп алу шаралары қолданылмайды.

Берешек мөлшері 20 АЕК-тен 45 АЕК-ке дейін болған жағдайда берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіледі, банк шоттары мен касса бойынша шығыс операциялары тоқтатыла тұрады, сондай-ақ инкассалық өкімдер шығарылады, – дейді министрлік.

Берешек мөлшері 45 АЕК-тен асқан жағдайда мүлікті тізімдеу және өткізу, сондай-ақ дебиторлар есебінен өндіріп алуды қоса алғанда, заңнамада көзделген барлық өндіріп алу шаралары қолданылады.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Салық кодексіне қосымша шара – Қазақстаннан шығуды уақытша шектеу енгізілді. Бұл норманы іс жүзінде қолдану биыл 1 қазаннан басталды.

Бұл шара салық берешегі 27 000 АЕК-тен асқан және туындаған күннен бастап үш айдан астам уақыт бойы өтелмеген жағдайда қолданылуы мүмкін, – деп жазылған хабарламада.

Шектеу дара кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын адамдарға, сондай-ақ заңды тұлғалардың бірінші басшыларына немесе олардың міндеттерін атқаратын адамдарға қатысты қолданылады.

Наверх