Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылында көлік қаққан екі бала қазіргі уақытта елордадағы №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында ем қабылдауларын жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Абай облысынан Көпсалалы қалалық №2 балалар ауруханасына жеткізілген балалардың жағдайы бақылауда. Балалардың жағдайы тұрақты, травматология бөлімшесінде жатыр. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп, отаға дайындық жасалуда, - деп жауап берді аурухананың баспасөз қызметі редакция сауалына.
Еске салсақ, 19 тамызда Абай облысы, Үржар ауданының Бестерек ауылында кәмелетке толмаған балаларды көлік қағып, салдарынан үш бала көз жұмды. Тағы үшеуі түрлі жарақатпен дәрігерлердің бақылауында.
Президент тапсырмасымен Астанадан Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлері Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясымен жеткізілді.
Сондай-ақ облыс әкімдігі қайтыс болған балалардың отбасына көмек көрсететінін хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларға ота жасалып жатқанын, оларға медициналық көмек көрсетуге үздік мамандар тартылғанын айтты.
Белгілі болғандай, қайтыс болған балалар әжесіне қонаққа барған.
Апаттан кейін жүргізуші қамауға алынды. Үржарда үш баланың қазасына себеп болған жол апаты тергеліп жатыр.