Бүгінде бейәдеп сөйлейтін ұл мен қыздың даусы қоғамдық орында да, көлікте де естіліп тұрады. Ұят пен қымсыну, тәрбие мен тәртіп дегенді білмейтін өскелең ұрпақ өсіп келеді. «Баланы бастан» деген ата-бабамыздың қағидасы тасада қалып кеткелі қашан. Жұмыс, күнделікті күйбең тірлік бала тәрбиесін босаңсытып алғандығымызға себеп пе? Ұрпақ тәрбиесінде нендей қателік кетті? Көше кезген қыз, түн қатып үйге түнемейтін ұл тәрбиесіне кім жауапты?
Жүгенсіз жүрген жасөспірім қоғамға қауіп төндіріп, бесіктен белі шықпай қылмыскер атанса, ата-ананың күн-түн баққан еңбегі еш кеткені, ұлттың келешегіне қауіп бар деген сөз емес пе? Бала тәрбиесін ата-ана мұғалімге, мұғалім ата-анаға сілтеп жүргенде жазатайым оқиғаларда от басып қалған жасөспірімдер тағдырына шынында кім жауапты?
Бір ғана Жамбыл облысындағы есептік көрсеткіштер көңілге үрей ұялатады. Бұл жайында ұрпақ тәрибесі және оқушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы саяси кеңес отырысында мәлім болды.
Құқық қорғау органдарының зерделеуі бойынша бүгінде облыста полиция есебінде қылмыстық, құқық бұзушылық жаупкершілігі бар 245 кәмелетке толмаған бала тұр. Сонымен қатар, осы мазмұндағы бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 120 қолайсыз отбасы анықталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен педагогтар кеңесінде балалар білім алатын мектеп – ең қауіпсіз орын болуы керек деген. Дегенмен, мектептегі әлімжеттік, балалар арасындағы келіспеушіліктер бұл міндетті де үдесінен шығара орындай алмауда. Мәселен, қазірде Жамбыл өңірінде 506 мектеп пен 42 колледждеге 561 полиция қызметкерлері бекітілген. Жасөспірімдердің қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында рейдтер мен жедел профилактикалық іс- шаралар ұйымдастырылуда. Көңіл түсірер нәтиже: 363 жасөспірім мен 309 қолайсыз отбасы есепте тұр.
Жауапты сала мамандарының айтуы бойынша, ата-ананың жауапкершілігінің төмендігінен, баланы қараусыз қалдырғаннан жасөспірімдердің көше кезіп, қаңғыбастықпен айналысып, тіпті үйден кетіп қалу деректері көбейген.
Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін Әкімішілік кодекстің 127-бабымен 312 ата ана жауапкершілікке тартылған. Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауы немесе қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Ал, түнгі уақытта баланың өмірінің қауіпсіздігі үшін ата- ана жауапты, - дейді Жамбыл облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Серік Алдибеков.
Полиция келтірген мәліметке сүйенсек, девианттық тәрбиедегі мінез құлқына байланысты 9 жасөспірім арнайы режимдегі мектепке орналастырылды, 33 тұлға ата-ана құқығынан айырылып немесе шектетілді, 143 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Бұл жердегі қорқынышты статистика – 33 тұлғаның ата-ана құқығының шектелуі! Демек, алдымен баламен емес, ата-анамен жұмыс жүргізу керек пе деген оқыс ой қылаң береді.
Сонымен қатар, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшін Әкімшілік кодексінің 127-бабымен 312 ата-ана жауапкершілікке тартылған.
Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауы немесе қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Ал, түнгі уақыттағы бала өмірінің қауіпсіздігі үшін ата-аналар жауапты.
Сол себептен, Әкімшілік кодексінің 442-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерісіз
жүргені үшін 2871 ата-ананың жауапкершілігі қаралды. Сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 104 мекеме иелері Әкімшілік кодексінің 132-бабымен жауапкершілікке тартылды, - деп мәлімдеді ведомстводан.
Сонымен қатар, сала мамандарының зерделеу жұмыстарының нәтижесінде жасөспірімдер жасаған қылмыстың басым бөлігі – бұл бөтеннің мүлкін ұрлау және мал ұрлығы қылмыстары.
Жасөспірімдердің қылмысқа баруының тағы бір себебі – әлеуметтік теңсіздік, өз араларында ересектерге еліктеп, қымбат ұялы телефон ұстауға ұмтылу немесе сәнді киім алуға және тағы да басқаға ұмтылу екендігін баса көрсетті.
Сонымен қатар құқық қорғау саласының өкілдері тарапынан кететін кемшіліктер де тізбектелді.
Қылмыстың өсуіне ықпал еткен қылмыстар бойынша облыстық полиция департаменті басшылығымен қызметтік тексерістер өткізіліп, нәтижесінде қатардағы және басшы құрамының 39 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деді орган өкілі.
Жиын соңында «Аманат» партиясының облыстық филиалы кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылық пен зорлық- зомбылықтың алдын алу шараларын ұйымдастыруға үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар комитетінің өзара ынтымақтастығы туралы меморандум жасауды ұсынды.
Осы орайда, психолог Айгүл Жұбаназарова қателікті қоғамнан емес, әр адам өзінен іздеген жөн дейді.
Қай кезде де қоғам үшін отбасының құрамдас бөлігіне баланатын бала тәрбиесіне назар аудару – басты міндеттердің бірі. Отбасыда берілген тәрбие негізгі, басты тәрбие саналады. Ол өскіннің өміріне үлкен септігін тигізеді. Бұл орайда ата-ана жіберіп жүрген қателіктер көп. Шаңырақ үшін бала – үлкен байлық сондай-ақ сынақ. Дұрыс тәрбие беруге ұмтылып, уақытында ден қою міндет.
Ата-ана бала үшін айна. Үлкендер қандай бағытқа жетелесе, кішілер де солай етеді. Әркім бала жіберген қателікті көпшілік қоғамнан іздемей, өздерінен табуы керек. Дұрыс мақсат қоюды үйрету, жауапкершілікті жастайынан сезіндіру, өзін тәрбиелеуге ұмтылдыру жан-жақты дамыған кемел азамат атануына бастау болады.
Бала әдетте сезімтал, байқампаз келеді. Олардың қойған сұрағына дұрыс, дер кезінде жауап беру арқылы да ой-өрісін ұштауға болады. Сонымен бірге жасынан артық талап қойып, оның әрекеттеріне немқұрайлық таныту да құрдымға жетелеуге жол ашады.
Баланың тілегін орындаудың да өлшемін сезінген дұрыс. Ондайда шамадын тыс жағдайға тосқауыл қойып, ынталандыру қажет.
Қазір мектеп бағдарламасы да күрделі, бала тәрбиесі де оңай емес. Алайда қателікпен жұмыс жасап, қиындықты бірге еңсеріп, әрқашан балаға қолдау білдірген ата-ана, сөзсіз, өз ісінің жемісін көре алады. Мәселен, баланың тапсырмасын «кітап оқимыз» деп емес, «мына мәтінде қанша «А» әріпі барын тауып, ойнайық» деп ойынға айналдырсақ, сабақты қалай меңгергенін байқамай қалады.
«Баланы – жастан» деген тіркес таяқтау, оған қысым көрсету емес, тәрбиесін уыстан шығармау дегенге меңзейді. Өз ертеңіміздің жарқын болғанын қаласақ, бала тәрбиесінде осалдық танытпағанымыз жөн [qazaly.kz], - дейді.
Ал жас та болса, бас болып, жүздеген сәбиді өз баласындай мәпелеп жүрген тәрбиеші Азиза Сейдуалиева бала тәрбиесін балабақшадан-ақ бастау керек дейді.
Әрбір әке, әрбір ана әр баласына жеке тұлға ретінде қарау керек. Мейлі, бір үйде он бала болса да, ана біреу, әке біреу болса да, әрбір баланың, яғни, сәбидің өз ерекшелігі болады. Мысалы, бізге келетін баланың бірі қырсық, бірі көнбіс, бірі тым ерке келеді. Біз осы ерекшеліктеріне орай бағыт-бағдар, тәлім беріп, ыңғайлы аралық табуға тырысамыз. Балабақша да қарапайым үй сияқты, жайлы орта, жағымды пікір, жылылық, мейірім, махаббат баланы өмірге дұрыс бейімдейді. Мен үнемі айналадағы жақсы адамдарды, әдемі дүниелерді мысал етіп, үлгі ғып көрсетемін. Қазіргі баланы ұрып тәрбиелеуге, жекіп-ұрсып тәрбиелеуге болмайды. Бұл баладағы сенімділік пен еркіндікті жояды. Оның ертеңгі күні ересек өміріне теріс әсер етеді, - дейді Азиза Қуанышқызы.
Иә, мемлекет жүз жерден заң қабылдап, зиянды заттардан жас баланы аулақ ұстау үшін шектеу енгізіп жатса да, ұяда алған тәлімге жетері жоқ екендігі ақиқат.
"Елде ата-аналардың шамамен 40%-інің әр күнін балаларымен бірге мәнді өткізуге мұршасы бола бермейді". Қоғамдық даму институтының сарапшылары осындай пікір қалдырды бір жиында.
Расымен, күйбең тірліктің тезінде жүріп, ертең ұрпақ тәрбиесінде ұтылып қалмасақ игі.