Премьер-министр Әлихан Смайылов Алматыдағы жер сілкінісі кезінде халықты хабарландыру жүйесі дер кезінде іске қосылмағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көргеніміздей, ТЖМ-нен бастап әкімдіктерге дейін мемлекеттік органдардың бүкіл қызметтері болған оқиғаға әрекет ете білді. Бақытқа орай, қаза болғандар мен салмақты шығын жоқ. Бірақ зардап шеккендер бар, — деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Смайылов шұғыл жағдайда халықты құлақтандыру қызметі әлсіз болғанын сынады.
Адамдар уақтылы ақпараттандыру мен айқын әрекет болмағандықтан, байбаламға бой алдырды. Олар 2, 3-қабаттан секіріп, ойсыз әрекеттерге барды. Бұл құлақтандыру жүйесі дер кезінде іске қосылмағанын, халыққа барынша ерте хабар таратып, хабарландыру керек болғанын көрсетеді, — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр сейсмикалық қауіп бар өңірлерде оқу-жаттығуды жиі өткізу керегін айтты.
Азаматтарға мұндай жағдайдағы әрекетінің жүйелі болу керектігін түсіндірген дұрыс. Сейсмикалық қауіп бар өңірлерде оқу-жаттығуларды жиірек өткізу керек деп топшылаймын. Халық әрекеттер алгоритмін тәжірибеде білуі керек, - деді Үкімет басшысы.