Өскеменге төмен байытылған уранның алғашқы партиясы жеткізілді

17 Қазан 2019, 21:01
3606
Бөлісу:
Өскеменге төмен байытылған уранның алғашқы партиясы жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандағы АЭХА-ның төменбайытылған уран банкі материалдың алғашқы партиясын қабылдады, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

16 қазанда Өскемен қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) өкілдерінің қатысуымен АЭХА-ның Қазақстандағы Төменбайытылған уран банкіне (бұдан әрі - ТБУБ) төмен байытылған уранның (ТБУ) алғашқы партиясын жеткізу рәсімі өтті.

АЭХА-ның Қазақстанда төменбайытылған уран банкін құру жөніндегі халықаралық жобасы Қазақстанның Тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен сәтті жүзеге асырылды.

"АЭХА ТБУ Банкінде атом электр станцияларында стандартты жеңіл су реакторында отын өндіруге жарамды 90 метрикалық тонна уран гексафториді сақталады. ТБУ бұл қоры радиоактивті қалдық емес, халыққа және қоршаған ортаға қауіп төндірмейді және АЭХА-ға мүше мемлекеттер саяси себептермен дәстүрлі отын жеткізілімінің тоқтатылуына ұшыраған жағдайлар үшін қарастырылған", - делінген ведомство хабарламасында.

Қазақстан мен АЭХА инвестицияларының арқасында, осы салада көп жылдық тәжірибесі бар Үлбі металлургиялық зауытының негізінде материалды қауіпсіз сақтау үшін қажетті инфрақұрылым құрылды.

АЭХА ТБУ банкі - Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтудағы жетекші рөлін растайтын маңызды үлесі.

АЭХА ТБУБ үшін материалдарды жеткізушілер - қазақстандық "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ және француздық "Орано-Цикл" компаниясы.

Қазақстан мен АЭХА арасында АЭХА ТБУБ құру туралы құжаттарға қол қою рәсімі 2015 жылы тамызда АЭХА Бас директоры Юкия Аманоның Елордаға сапары кезінде өтті.

Өзгелердің жаңалығы