ҰҚК «А» арнайы мақсаттағы қызметі және ІІМ «Сұңқар» арнайы мақсаттағы жасағы әкімшілік ғимаратта кепілге алынғандарды босату бойынша оқу-арнайы операциясын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылғы 27 сәуірде Шымкент қаласындағы «Ақтас» далалық оқу орталығында түрлі террористік көріністерге қарсы іс-қимыл жасау үшін күш құрылымдарының жауынгерлік әзірлігін арттыруға бағытталған «Найза-антитеррор-2023» Республикалық жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді.
Оқу-жаттығуға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық ұланның және Шекара қызметінің арнайы бөлімшелері қатысты.
Жаттығудың мақсаты бойынша күш құрылымдарының арнайы бөлімшелері терроризмге қарсы операцияларды жүргізу бойынша күштері мен дағдылары кезең-кезеңімен көрсетілді. Арнайы операция күштері мен Шекара қызметі күштерінің терроризм актілеріне қарсы іс-қимыл жүйесіне ықпалдасуы қамтамасыз етілді.
Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы бөлімшесі жауынгерлік жағдайда елді мекенде террористік топты залалсыздандыру бойынша күштік операциялардың әдістерін пысықтады.
Өз кезегінде, Қорғаныс министірлігінің Арнайы операциялар күштері және ҰҚК ШҚ арнайы мақсаттағы басқармасы шекара маңындағы террористерді бейтараптандыру, сондай-ақ мемлекеттік шекараны бұзуға жол бермеуге бағытталған іс-шараларды көрсетті.
ҰҚК «А» арнайы мақсаттағы қызметі және ІІМ «Сұңқар» арнайы мақсаттағы жасағы әкімшілік ғимаратта кепілге алынғандарды босату бойынша оқу-арнайы операциясын өткізді.
Республикалық және жергілікті арнайы мақсаттағы бөлімшелердің іс-қимылдарының жауынгерлік үйлесімділігі арттырылды. Шымкент қалалық терроризмге қарсы жедел штабы мүшелерінің террористік көріністерге қарсы тұру бойынша практикалық дағдылары бекітілді.
Оқу-жаттығу соңында күштік ведомстволардың қару-жарақтары мен техникаларының көрмесі көрсетілді.
Сонымен қатар, Терроризмге қарсы орталығының қолдауымен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін алғаш рет БАҚ-та «ыстық» нүктелердегі оқиғаларды жариялау, сондай-ақ терроризмге қарсы операция аймағында қауіпсіздік шараларын сақтау дағдыларын пысықтай бағытталған семинар-тренинг өткізілді.
Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысы өткізілді, оның барысында өткізілген оқу іс-шараларға оң баға берілді. Күш құрылымдарының арнайы бөлімшелерінің іс-қимылдарының үйлесімділігі мен олардың террористік қатерлерді уақтылы тойтаруға дайындығын арттыру бойынша қосымша шаралар қарастырылды.