Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткімен айналысатын топтардың қылмыстық жолмен келген қаржыларын «тазарту» мақсатында қолданатын криптоалаңды анықтау және бейтараптандыру бойынша алғашқы арнайы операциясын жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Операция 2022 жылғы қаңтарда Қазақстан, Өзбекстан мен Ресейдің «есірткі нарығын» психотроптық заттармен қамтамасыз етіп отырған жасырын есірткі лабораториясын жоюдан басталды. Заңсыз айналымнан есірткінің рекордтық партиясы – 188 келі «мефедрон» алынды.
Арнайы қызмет қылмыстық капиталды Қазақстаннан тыс шығару мен оны «тазарту» схемаларын анықтау бойынша шараларды қолға алды. Ақша аударымдары қаржылық айналымда қажетті деңгейде айқындалмаған криптовалютада жүргізілгені қиындықтар тудырғанын атап өту қажет. ҰҚК қылмыстық тізбектің барлық қатысушыны анықтау арқылы, «биткойндарды» қолма қол ақша қылатын криптоақша айырбастау орнын тапты. Бұл ұйым Алматыдағы әр-түрлі ақша айырбастау орындарының қызметкерлері арқылы ақшаны қолма қол беріп отырғаны белгілі болды, - делінген хабарламада.
Нәтижесінде қылмыстық схеманы ұйымдастырушы мен оның жақтастары ұсталды.
Мемлекет кірісіне қылмыстық топтардың есірткі іс-әрекетінен тапқан криптовалютадағы 68 млн теңге қаржысы өткізілді.