Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
2022 жылы гранттар саны 10%-ға артады. Бұған қоса техникалық бағыттарға басымдық пен қолжетімділікті кеңейту үшін техникалық мамандықтарға арналған гранттардың үлесі 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ ауылдық квота да биыл 35%-ға дейін ұлғайтылады, - деді министр.
Аймағамбетовтың айтуынша, білім сапасы жағынан алшақтығы бар өңірлердің абитуриенттеріне техникалық бағыттары бойынша қосымша 10 000 нысаналы грант бөлінеді.
Біз талдау жүргізіп, өңірлерді анықтадық. Бұл – Маңғыстау, Атырау облыстары. Жоспарға сәйкес студенттер еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алады. Сондай-ақ оқу аяқталған соң тұрғылықты жерлеріне барып өтеу көзделеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балаларына университеттерде тегін оқу үшін білім гранттарын беру жөніндегі норманы енгіземіз, - деді Білім басшысы Үкіметте.
Экономика үшін кадрларды жедел даярлау үшін биыл пилоттық режимде 2,5-3 жыл оқытумен қолданбалы бакалавриат енгізіле бастайды.
Жоғарғы білім беруде «онлайн-оқыту» жаңа нысанын енгізу жоспарланып отыр. Яғни енді онлайн форматта сабақ беретін университеттер де пайда болады дегенді білдіреді. Тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Бұл цифрландыру заманының сұранысына сай келетін шара, - деп айтты ол.