Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан ХХХІ дүниежүзілік Жазғы универсиадада жерлестеріміз кезекті жүлделерімен жанкүйерлерін қуантып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы egemen.kz жазды. Жарыстың кезекті күнінде еліміздің студент спортшылары тағы төрт медаль жеңіп алды.
Атап айтар болсақ, үш позициядан 50 метрге мылтықпен оқ атуда құрамында Константин Малиновский, Ислам Сәтбаев және Никита Шахторин бар еліміздің ұлттық құрамасы мен жуырда ғана оқ ату спортынан Оңтүстік Кореяда мәресіне жеткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған Никита Чирюкин Универсиаданың күміс жүлдегері атанды.
Сондай-ақ он метрден мылтықтан оқ ату бойынша командалық сайыста Константин Малиновский, Ислам Сәтбаев және Никита Шахторин Үндістан мен Қытай өкілдеріне жол беріп, үшінші нәтиже көрсетті. Дзюдо бәсекесінде белдескен Асқар Нарқұлов та үздіктер қатарынан көрініп, ел қоржынына кезекті қола жүлдені салды.
73 кило салмақта белдескен жерлесіміз үшінші орын үшін өткен белдесуде Қырғызстан өкілі Шыңғысжан Сағыналиевтен басым түсті.
Екінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша, жерлестеріміздің еншісінде 5 жүлде (2 күміс, 3 қола) бар.