Шетелдік мамандар орталыққа 2023 жылдың қыркүйегіне жоспарланған «БҰҰ әскери бақылаушылары» курсын әзірлеуге жәрдемдесу үшін келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Делегация құрамында Үндістан Қарулы күштерінің бітімгерлік даярлық саласындағы сарапшылар – бригада генералы Парамвир Сингх Дагар, подполковник Виниит Кумар және майор Диип Сингх Ратоде бар.
Делегация мүшелері Үнді тарапының қолдауымен жөнделіп, жарақтандырылған үнді-қазақ бітімгерлік сыныбына барып, қарқынды тілдік даярлық кабинеттерінің жабдықтарымен және Н. Тілендиев ауылындағы «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығының инфрақұрылымымен танысты..
Бітімгерлік дайындық саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу халықаралық курстарды өткізу сапасын жақсартуға, оқытудың заманауи әдістерін енгізуге ықпал етеді, – деп Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин серіктестіктің жақсы жағын атап өтті.
Өз кезегінде бригада генералы Парамвир Сингх Дагар Қазақстан тарапына жұмыс сапарын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, бітімгерлерді даярлау саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.
Аталған курс бағдарламасына дәрістер, оқу жаттығулары, сондай-ақ БҰҰ-ның бейбітшілікті сақтау жөніндегі қолданыстағы операцияларының жағдайларына барынша жақын сценарийлер мен жағдайларды пысықтаумен практикалық сабақтар кіреді.
Осындай курсты өткізу және оны БҰҰ-да одан әрі сертификаттау Қазақстанның Қарулы күштеріне БҰҰ талаптары мен стандарттарын сақтай отырып, әскери байқаушыларды дербес даярлауға мүмкіндік береді.